25.06.2015 в 12:13

Шымкент қаласы – медианарықтың ордасы

Шымкент қаласы – медианарықтың ордасы. Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында Қазақстан Журналистер одағы Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова мәлімдеді. Үш миллионға жуық тұрғыны бар Оңтүстік Қазақстанда жалпы 236 бұқаралық ақпарат құралы бар. Олардың 175-сі газет болса, 37 журнал мен 12 телеарна, үш радио және тоғыз интернет ресурс халыққа жылдам әрі толымды ақпарат таратуда. Айгүл Қапбарованың айтуынша, Шымкент қаласы – медианарықтың ордасы. «Шымкент қаласының өзінде 200-ге жуық газет, журнал шығады. Оған қоса телеарна, радиоларымыз бар. Сондықтан да Шымкентті медиаорталық деп атауға болады», - дейді Айгүл Қапбарова. Төрайымның сөзінше, бүгінгі таңда адам факторына үлкен мән берілуі керек. Қарапайым еңбек адамын насихаттау қажет дүние. «Біз жалпылама облыста бөлінген қаражат пен оның жұмсалуын, игерілуін айтамыз. Ал адам факторы тыс қалып жатады. Адам факторы ұмытылып кетуде. Жалпылама ақпарат беруге дағдыланып кеттік», -дейді Айгүл Қапбарова өз пікірін ортаға салып. Брифингте журналистер одағының төрайымы одақта екі жүзден астам мүше бар екенін айтты. Сонымен қатар журналистер одағы "Еңбекқор", "Жаңа мегаполис", сыбайлас жемқорлыққа байланысты түрлі конкурстар ұйымдастырдық деді. Алдағы уақытта "Қазақ хандығының 550 жылдығының" насихатталу барысын талқылайтын семинар өткізуді жоспарлаудамыз.