26.06.2015 в 14:30

Түлкібас ауданында Польша елінің кәсіпкерлері өнімді алма бау егуді қолға алмақ.

ҚР Польшадағы елшілігінің ұйымдастыруымен Қазақстан мен Польша мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты, сауда –экономикалық байланысты арттыру мақсатында Варшава қаласында екі елдің билік өкілдері, қоғам қайраткерлері, депутаттар, кәсіпкерлердің қатысуымен жиын болып өтті. Жиында екі ел арасындағы сауда –экономикалық ынтымақтастықты нығайту мақсатында «KZ-EURO-PL» Еуразиялық палатасы құрылды. Палатаның құрамында машина жасау, аграрлық өнеркәсіп, энергетика, құрылыс салалары бойынша жұмыс атқаратын Польшаның жетекші компаниялары және 70-тен астам орта кәсіпорындары кірді. Еуразиялық палата Қазақстанда «KZ-EURO-PL» пилоттық бағдарламаны Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Астанада іске асуына қолғабыс көрсетеді.«KZ-EURO-PL» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде бірқатар құжаттарға қол қою рәсімі өтті. ҚР Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының әкімі Қ. Абдуалиев «KZ-EURO-PL: Агросады» агралық компаниялар Консорциумымен Түлкібас ауданы аумағында өнімді алма бақтарын құру туралы Меморандумға қол қойды. Бұл жобаны іске асыру бойынша жауапкершілік Польшаның ARNO компаниясына жүктелді. Сонымен қатар, Түлкібас ауданында жеміс-жидек сақтайтын логистикалық орталық салу жоспарланып отыр. Аталмыш жобаны іске асыру туралы меморандумға Қ. Абдуалиевпен Polfrost көлік-логистикалық компаниясы арасында қол қойылды. Елшіліктің қолдауымен Палатаның алаңында құрылған құрылыс материалдарын шығару, құрылыс, ауыл шаруашылық инжинирингі, машина жасау және т.б. консорциумдар ағымдағы жылдың екінші жартысында Қазақстанға бизнес-миссиялармен баруды жоспарлап отыр-дейді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайты.

Алдағы уақытта Түлкібас ауданына Польша елінің кәсіпкерлері алма бау егу жұмыстарын қолға алатын болады.