30.06.2015 в 16:24

Күн тәртібінде – құрылыс сапасы

Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының сапасы мен қауіпсіздігі жөнінде «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Қ.Жамашев мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Оның айтуынша, бүгінде басқарма бақылауында 410 бюджеттік, 327 коммерциялық нысандар бар. Қазіргі уақытта «Градо» ЖШС деректер негізін құру үшін топографиялық жабдықтарды сканерлеуден өткізу жұмысын атқаруда. Облыста, елді мекендердің аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу кезінде құрылыс талаптарынан ауытқу, қала құрылысы регламентін сақтамау (қызыл сызық, су күзету аймақтары, санитарлық - қорғаныш тазалығын бұзу т.б.) орын алған. Осы мәселелерді шешуде, мониторинг жүргізу үшін қала құрылысы регламенттерiн, пайдалану режимiнiң әлеуметтiк - құқықтық белгiлерi, инженерлiк - техникалық жағынан қамтамасыз етiлу деңгейi, онда орналасқан объектiлердiң параметрлерi мен жай-күйi, сондай-ақ табиғи - климаттық жағдайлары мен экологиялық жай - күйi бойынша қала құрылысы, сәулет және құрылыс қызметi аумағын сипаттайтын картографиялық, статистикалық және мәтiндiк ақпаратты қамтитын көп салалы ақпараттық жүйе құру ұсынылады, осындай жүйе болып Мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының деректер банкі болып табылады. Басқарма тарапынан 164 нысанға тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 59 бюджеттік объектілерге әкімшілік шара көрілді. Жалпы үш айдың қорытындысы бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнама талаптарын бұзған жеке немесе заңды тұлғаларға құрылыс инспекторлары тарапынан 102 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, оның тоғызына шара көру үшін сотқа жолданған. Басқарма тарапынан салынған жалпы әкімшілік айыппұлдардың сомасы 15 млн. астам теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, алты айға аттестаттары тоқтатылған 12 техникалық қадағалаушы мамандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 400 мыңға жуық айыппұл салынған. Басқарма тарапынан атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарды қорытындылаған Қ.Жамашев өңірде құрылыс сапасын арттыру бағытында жұмыс жасап жатқанын хабарлады.