02.07.2015 в 19:38

ОҚО-да жалпыұлттық телекөпір барысында трактор зауыты іске қосылды

Бүгін Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында Оңтүстік Қазақстанда трактор зауытының алғашқы желісі іске қосылды және елімізде тұңғыш болып жүзеге асқан «Оңтүстік» индустриялды аймағының тұсаукесері өтті. Жылына бес мың трактор шығаратын зауытқа 7 млрд.теңге инвестиция тартылған. 400 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отырған жоба Индустрияландыру картасы шеңберінде Корея Республикасының инвесторларымен бірге іске асты. Оңтүстікқазақстандық «Kioti» тракторлары отандық шаруалардың техникалық мүмкіндіктерін біршама арттыра түспек. Телекөпір барысында Мемлекет басшысына республикада алғаш бой көтерген «Оңтүстік» индустриялды аймағының қызметі көрсетілді. Бүгінде аталған аймақта жалпы сомасы 76,8 млрд.тг. құрайтын 72 жоба іске асуда. Мұнда бюджеттік бір теңгеге 13,2 тг. жеке инвестиция тартылып отыр. Қазіргі таңда Түркістан қаласы мен Созақ ауданында индустриялық аймақтар жұмыс жасауда. Жыл соңына дейін қосымша 6 аудан, қалада осындай аймақтар іске қосылады. ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде бірқатар кешенді шаралар іске асуда. Екінші бесжылдықта Индустрияландыру картасына құны 845 млрд.тг құрайтын 104 жаңа жоба енгізілді. 19 мың жұмыс орны ашылатын болады. Жалпы облыс көлемінде әкімдік деңгейінде атқарылған жұмыстардың арқасында 2015 жылдың I жартыжылдығында 17452 жаңа жұмыс орны ашылды.