Шымкентте жаңадан іске қосылған кәсіпорынның бірі — қоқыс өңдеу зауыты. Шымқаладан жылына 185 мың тоннадай қатты тұрмыстық қалдық шығады. Ал жаңа кәсіпорын 200 мың тонна қоқысты өңдеуге қауқарлы. Сұрыптау желісінде 180 адам жұмыс істейді. 1 млрд теңгеден аса қаржыға салынған зауытқа барлық инфрақұрылымды мемлекет өз қаржысына жеткізіп берген. Мұнда шыны, пластикалық заттар мен қағаз арнайы саралаудан өтіп, кәдеге жаратылады. Ал қалған қоқыс сығымдалып, шұңқырға көміледі. Келер жылы цемент зауыты үшін керекті отынды осындағы қалдықтардан шығармақ. Ол үшін желі де жаңғыртылады.
Аумағы 5 гектар жерді құрайтын зауытқа күніне 120-130 қоқыс артқан жүк көліктері келеді. Бұның бәрі бүкіл шаһардан жиналған қоқыс. Нұрлан Дәулетбаев, «Технология-21» ЖШС директоры: - Қоқысты автоматты түрде сұрыптайтын желіні іске қосамыз. Біріншіден, қол жұмысы азаяды, екіншіден, келіп жатқан қоқысты тез арада өңдеу мүмкіндігі пайда болады. Шымкент әлдеқайда таза қалаға айналады. Конвейерден 1 тәулікте Шымкенттен келетін 500 мың тонна қоқыс өтеді. Мұнда жұмысшылар полиэтилен бөтелкелері мен қағаздарды іріктеп, алып қалып отырады.Ресейлік құрылғы қағаз, полиэтилен бөтелкелерін және қоқыс қалдықтарын жік-жігімен топтастырып шығарады. Қағаз бен бөтелге қайта өңдеу кәсіп орындарына, ал қалдықтар полигонға жөнелтіледі. Қазір мекеме қоқыстың 10 пайызын қайта кәдеге жаратуда. Келер жылы бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін арттыру жоспарланған.