Түлкібаста ҮИИД аясында екі жоба іске асырылуда. Ал жаңа индустрияландырудың екінші бесжылдығында ауданда жалпы құны 31 млрд 366 млн теңгелік 6 жоба іске асады. Бұл туралы бүгін «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте аудан әкімі Қ. Әбдуәлиев хабарлады. Олар жеміс-жидек концентраттарын және табиғи сусындар шығару, көкөніс консервілеу базасы, жылына 30 мың тонна тірі салмақта құс етін өндіретін құс фабрикасы, қуаттылығы 10 мың тонна тауық етін өндіретін өндіріс кешені, мал бордақылау алаңы мен мал сою және ет өңдеу, маусымына 36 млн дана күйдірілген кірпіш өндіру жобалары іске асып, мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Ал, екі мың адам маусымдық жұмысқа тартылады. Сонымен қатар индустриялды карта ресторына 2015 жылдың күзгі өзектендіруіне жалпы құны 2 млрд. 620 млн. теңгелік үш жоба ұсыну жоспарлануда. Бүгінде индустриалдық аймақ құру мақсатында Абайыл елді мекені жанынан 30 га жер бөлініп, құны 554 млн теңге инфрақұрылым жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімінің мәліметінше жалпы өнімнің көлемі 5 айдың қорытындысымен 11 млрд 644 млн. теңгені құрап отыр. Ал, өнеркәсіп кәсіпорындары 6 млрд 108 млн. теңгенің өнімін өндірді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 108 пайызға өсіп отыр. Жалпы ауданға тіркелген 7332 шағын және орта бизнес кәсіпкерлер болса, бұлардан бюджетке 97 млн 900 мың теңге салық түскен. Сондай-ақ, шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 41 жобаға «Ырыс» шағын несие ұйымы арқылы 104 млн. теңге жеңілдетілген несиелер берілді. Аудан басшысының мәліметінше ауыл шаруашылық өнімінің көлемі 5 млрд 536 млн. теңгені құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 102,8 пайызды құраған. Мал шаруашылығы саласы бойынша ауданның барлық шаруашылық санаттары бойынша 7,2 мың тонна ет, 21,6 мың тонна сүт, 7,4 млн дана жұмыртқа өндірілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында қабылданған бағдарламалар бойынша ауданда көптеген жұмыстар атқарылуда. Мәселен «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 400 бас қой, «Құлан» бағдарламасы бойынша 153 бас жылқы, «Сыбаға» бағдарламасы аясында 281 бас ірі қара мал алып, аталған бағдарламаларда берілген жоспарды артығымен орындап отырмыз деді, ‒ Қ.Әбдуәлиев. ‒ Өздеріңізге белгілі Түлкібас ауданы алма бау егуге қолайлы өңір. Осы пайдалана отырып, ауданда алма бауды дамыту қолға алынуда. Бүгінгі таңда барлық жеміс ағаштарының көлемі 2791 гектарды құраса, алма егуге ниет білдірген азаматтарға қосымша 353 га жер берілді. Мичурин ауылдық округіне қарасты «Мөлдір» ЖШС Турцияның «Яула Филис» компаниясымен бірлесіп, 110 га жер учаскесіне интенсивті бау отырғызуда. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын тауып интенсивті бау көлемі 400-500 гектарға жеткізілмек. Сонымен бірге бұл серіктестік жоғары сапалы (вируссыз) көшет өндіретін питомник ашты. Күз айларынан бастап 250 мың алма көшеттері сатылымға шығарылады, ‒ деді аудан әкімі.