04.08.2015 в 14:05

6 айда 5 мыңнан аса жұмыс орны ашылған

Қызылорда облысы әкімдігінде бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті.

Алты айды қорытындылаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қазіргі экономикалық жағдайға қарамастан облыста әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі салалары бойынша көрсеткіштер жақсы екенін айтты. Мысалы, облыста тұтынушы бағалар индексі орташа республикалық деңгейден төмен, тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша жағдай тұрақты, ал салық түсімі бойынша облыс басқа өңірлер арасында бірінші орында. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 1800 пәтер пайдалануға беріледі деп  жоспарлануда.

Облыстың бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова баяндама жасады. Оның айтуынша, өнеркәсіп көлемінің жалпы төмендеуіне қарамастан, өндірістің кейбір салаларында өсім байқалады. Ет-сүт өнімдерін өндіру көлемі ұлғайған, тұрғындардың табыстары мен жеке тұлғалардың депозит көрсеткіштері де айтарлықтай өсті. Алғашқы жартыжылдықта 5  мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрады. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда құрылыс саласында да айтарлықтай даму бар. Қазіргі таңда облыста 23 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 18 білім ордасын ағымдағы жылы ашу жоспарлануда. Одан бөлек, өңірдің орта білім беру саласындағы оң өзгерістерді ерекше атап өткен жөн. Ұлттық біріңғай тестілеуді тапсыру көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартып, Қызылорда облысы республикада 5-орын иеленді.

Сондай-ақ, облыстың жартыжылдық даму қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов және бірқатар мемлекеттік орган басшылары баяндама жасады.  Аймақ басшысы облыс экономикасын нығайту және әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жақсарту бойынша жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар берді.