Малайзия – Азия алыбы немесе Азия жолбарысы деген мәртебеге ие бүгінде. Қазір 3000-ға жуық жастарымыз сол жерде білім алып жатыр. Одан бөлек ағылшын тілін үйренуге, демалуға, ел көруге барған қандастарымыз қаншама. Ал, 1997 – 1998 жылдардағы статистиканы сөйлетсек, Малайзияда консулдық тіркеуде болған қазақстандықтардың саны небәрі 17 адам болған екен. Ал, тура он жылдан соң, Малай елі қазақстандық студенттердің басты таңдауына айналады. Тіпті, «Болашақ» Халықаралық бағдарламасының стипендианттары да жүздеп келіп, осында оқи бастады. Малайзия аз уақытта мұндай өзгеріске қалай жетті?!
Махатхир Мұхамедтің есімі әрбір малайлықтар үшін киелі десем, артық айтпағаным. Малайзияның төртінші премьер-министрі, елді жиырма жылдан астам басқарған реформатор басшыға бүгінде малайзиялықтар алғысын жаудырып отырады. «Малайзиялықтар» деп бекер айтып отырған жоқпын. Себебі, Махатхир Мұхамед тек бумипутралықтардың (жергілікті малай халқының этникалық атауы) мүддесін ғана ойламай, халықтың 30 пайызын құрайтын қытайларға да, 10 пайызы болатын үнділерге де жайлы жағдай жасай білген кемеңгер басшы болды.
1981 жылы Махатхир билікке келгенде Малайзия елінің қай салада болмасын жағдайы мәз емес еді. Халықтың 49,3 пайызы кедейшілік жағдайында өмір сүріп, әлемдік саясат аренадасында Малайзия өз беделін жоғалтып алды. Жаңа премьер-министрдің алдына қойған басты мақсаты – ішкі өнімді арттырып, халықты еңбекке жұмылдырып, ауыл шаруашылығына акцент жасай отыра, экономиканы өсіру еді. Дұрыс бағыт, жанашыр басшы тандемі өз нәтижесін беріп, 1986-1990 жылдары елдің экономикалық өсімі 8 пайызды құрап, инфляция 4% аспады.
1991 жылы ұлттық интеграцияны арттырып, экономиканы өсіріп, халықтың біртұтастығың сақтайтын «Концепция 2020» құжаты қабылданды. Малайзия елінің 30 жылдық даму жоспарың айқындап көрсететін құжат, 9 негізгі бағыттан тұрған. Және оны жүзеге асыру үшін бесжылдықтарға бөліп, қорытындылап отырған. Ия, Қазақстанның Ұлт жоспары бағдарламасына өте ұқсас. Аталған бағдарлама жайында кеңірек айтатын боламыз. Ал, қазір сөз басында қозғаған Махатхирдің білім саласындағы новаторлығына тоқталсақ.
Малайзия 1957 жылға дейін Ұлыбританияның колониясы болған. Жаулап алушы мемлекет өз тілін, ділін жаңа ортаға таратып, сіңірген. Тәуелсіздік алғаннан кейін Малайзия басшылары жаңаша бағыт алып, ағылшын тілінен бас тартып, жалғыз ресми тіл – малай тілі, дініміз-ислам, дінді берік ұстанған мемлекетпіз деген саясатты анықтап, оны конституциямен ресми бекітеді. Бірақ, Махатхир Мұхамед үкіметі бұл ұстанымды өзгертеді. Өзгерткенде қалай дейсіз ғой. Олжас Сүлейменовтың «тауларды аласартпай, даланыасқақтатайық» деген көз қарасымен.
Куала-Лумпурда алты айға жуық уақыт тұрып, мынандай феноменді байқадым. Онда екі малайдың басы қосылса, ешқашан ағылшынша сөйлеспейді. Ағылшын тілінде сайрап тұрса да. Және мемлекеттік қызметке жұмысқа тұрардағы басты мақсат – малай тілін жетік білу. Сонымен қатар, жақсы жалақы төлейтін жұмысқа орналанасқыңыз келсе немесе осы елде бизнес жасағыңыз келсе малай тілің білу шарт деген жазылмаған заң да бар. Ал, ағылшын тіліне келетін болсақ, ресми келісім шарттар, халықаралық кездесулер барлығы осы тілде жүреді. Кезінде Махатхирдің ағылшын тіліне бет бұрғандағы басты мақсаты да, елін дағдарыстан шығарып, Малайзияға инвестиция тартып, индустриялы-инновациялық ел құру еді. Діттеген мақсатына жетті де.
Махатхир Мұхамедтің көрегендігінің тағы бір белгісі – бұрын-соңды әлем тәжірибесінде болмаған қос дипломдық білім жүйесін еңгізуі. 1998 жылы Ұлыбритания мемлекеті алғаш рет тек Малайзия еліне өз университеттерінің дипломын ұсынатын өзге мемлекетте білім ордасын ашуға рұқсат берді. Міне, осы кезеңнен бастап, Малай еліне әлем студенттерінің назары ауды. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншісі, Малайзияда әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жақсы әрі арзан. Яғни, жүріп-тұруыңыз, тамақ пен киіміңіз Қазақстанмен салыстырғанда біршама үнемді. Куала-Лумпурда төрт бағытқа қатынайтын әр 10 минут сайын жүретін, барлық жамағатқа тегін автобустардың өзі неге тұрады?!
Екінші себеп, жоғарыда айтып өткен қос дипломдық. Сіз «теңіздің жағасында, пальманың астында жатып» біліміңізді алып, 4 жылдан соң бакалавр дәрежесімен қатар, Малайзия және Ұлыбритания университеттердің қос дипломын алып шығасыз. Және дипломыңызда сіздің не Ұлыбританияда, не Малайзияда оқығаңыныз жазылмайды. Кәдімгі стандартты британдық диплом. Айырмашылығы тек құнында. Себебі, Англияда оқысаңыз сіз сол дипломға мыңдаған фунт бересіз, Малайзияда ол шамамен 3 есе арзан.
Міне, осындай жағдай жасалған Малайзияға біздің қазақстандық студенттерде де балға үймелеген арадай ұмтылуда. Және 1997 жылы 17-ақ адамның табаны басқан Малай еліне он жылдан соң 2007 жылы 1500 студенттің білім алуы осы бір ұзақ инвестициялық, көреген жобаның арқасында.
Жанар Көбекбай