13.08.2015 в 18:51

Биыл ОҚО-дағы 1022 мектепте 562621 оқушы білім алады

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдегі білім мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындығы және мектеп оқушыларын оқулықтармен қамту жайы қаралды. Жиынға басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысып, күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов баяндама жасады.

Білім саласында атқарылған жұмыстар жөнінде хабарлама жасаған Е.Айтаханов бүгінгі таңда өңірімізде мектепке дейінгі ұйымдардың саны 1454 бірлікке жетіп, оларға 157780 бала қамтылғандығын атап өтті. Облысымыз республика көлемінде бірінші болып балабақша жүйесін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде кеңейтуді қолға алғандығын мәлімдеген облыс әкімінің орынбасары қазірдің өзінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 647 балабақша іске қосылып, ол  өңіріміздегі жалпы мектепке дейінгі ұйымдар үлесінің 44,4 пайызын құрап отырғандығын жеткізді.

– Жалпы мектепке дейінгі ұйымдарға 3-6 жастағы балаларды қамту көрсеткіші 78,3 пайызға жетіп, мемлекеттік бағдарламаның жылдық жоспар артығымен орындалды, –  деді Ерлан Қуанышұлы.

 Былтырғы оқу жылында 1022 мектепте 562621 оқушы білім алып, ҰБТ-ға мектеп бітірушілердің 69,8 пайызы қатысқан. Облыстың орта балы өткен жылдан 4,2 баллға көтеріліп, 78,7 балды құраған. Ал «Алтын белгіге» 608 түлек ие болып, өткен жылмен салыстырғанда 172 түлекке артқан. – Бұл республикадағы «Алтын белгі» иегерлерінің 30%-ын құрайды, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан кейін білім беру ұйымдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстары баяндалды. Биыл облыста республикалық және облыстық бюджет есебінен 104 білім нысанының құрылысы қолға алынған. Оның ішінде жыл аяғына дейін 67 жаңа білім нысанының құрылысын аяқтау жоспарланып, қазірге дейін 37-сі  пайдалануға берілген. Сонымен қатар, жыл басынан бері ғимараты апатты деп танылған мектептерге жаңа 19 мектеп ғимараты салынған. Жыл соңына дейін осы санаттағы тағы 10 мектептің құрылысын аяқтау жоспарда бар. Қалған 17 мектептің құрылысын алдағы екі жылда аяқтау көзделген. Сондай-ақ, 100 білім нысандарында жүріп жатқан күрделі, 697 білім мекемесіндегі ағымдағы жөндеу жұмыстары таяу арада аяқталады.

Білім мекемелерінің қысқы жылыту маусымына дайындығы жөнінде ақпар берген облыс әкімінің орынбасары 1479 білім беретін мекемелердің жылу жүйелеріне қысымдау-сығымдау жұмыстары 94 пайызға атқарылғандығын, қажетті қатты отынның 72 пайызы, сұйық отынның 80 пайызы тасымалданғандығын, табиғи газбен жылытылатын 355 білім мекемелері газ тасымалдаушы мекемелермен келісімшарттар түзгендігін тілге тиек етті.

Биыл өңірдегі 1022 мектепте 562621 оқушы білім алады. ҚР Білім және ғылым министрлігі әзірлеген кестеге сәйкес облыстағы мектептер 2015 жылы 4, 5, 6, 11-сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендеріне және 3-сыныптың ағылшын тілі мен 7-сыныптың информатика пәні оқулықтарымен қамтылуы тиіс. Осы орайда аудан, қала әкімдіктері 12 баспамен жасаған келісімшарттар негізінде келіп түскен оқулықтарды мектептерге тарату жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағыттағы межеленген жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасып, білім мекемелері қажетті оқулықтармен толық қамтылмақ.

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов жаңа оқу жылына дайындық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе екендігіне ерекше тоқталып, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына білім беру ұйымдарындағы құрылыс, жөндеу жұмыстарының өз мерзімінде атқарылуын бақылап, сапасын қадағалауды және құрылысы жоспарланған нысандарға жер бөлуді тездету, білім беру ұйымдары алдында оқушылар қауіпсізідігін қамтамасыз ету үшін арнайы жол белгілерін орнату жайында бірқатар нақтылы міндеттер жүктеді.

ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі