11.05.2014 в 16:06

Бас басына лидер болған...

«Сарапшыларға адамдар сенбейді, бірақ қоғам сенеді".

Огюст Детеф, француз қоғамының қайраткері

Бізде ай сайын облыс және республикалық маңызы бар қалалар басшыларының рейтингісін шығару дәстүрге айналды. Алғашқы рейтингтер қоғамға жаңалық болғанымен, кейінгі кезде әкімдердің өздерінен басқа ешкім мән беріп жүрген жоқ сияқты. Облыс басшыларының, Президент Назарбаевша айтсақ, "князьдардің" мықтысын анықтауда қандай критерийлер пайдаланылатынын білмедік, әйтеуір жабық қоғамдағы тағы бір жабық зерттеу екенін түсіндік. Сонымен сәуір айында кімдер тәуір жұмыс істемей-ақ шаппай бәйге алды?

©kerey.kz

Бердібек Сапарбаевты есімі қалыптасқан саясаткер демесеңіз, дәл қазіргі әкімдер рейтингісінде үздік бестікте жүретіндей еңбегін көріп отырған жоқпыз. Идеологиялық жағы да ақсап тұр. Өскемен орыстың жері деген ұғым жойылмай келеді. Украина мен Ресей арасында ши шыққанда бірінші болып Сібірдің емес, Өскеменнің орыс-казактары бас көтеріп, сөз сөйлеуі - облыстағы қазақстандық идентификацияның әлсіз екен көрсетеді. 7-9 мамыр қарсаңында  патшалық Ресейдің Орта Азияны алғанындағы жеңісін білдіретін Георгий лентасын тағып, еліргендер де алғаш осы Өскеменнен шықты.

 

 

Жалпы идеологиялық әлсіздік біраз әкімге сын. Петропавл, Павлодар, Қостанай, Орал, Атырау қалаларында автошеру өтті. Жай шеру емес, көршінің басынуы іспеттес көрінді. Орыстың көліктері, орыстың туы... Батыс Қазақстан облысының орталығында өткен шеру тым суыт көрінді.

Сол мезетте әлеуметтік желіге салған жазбамызға пікір жазушылар көп болды. Қоғам наразы. Ал "князьдардың" ең нәзік мәселеден хабары жоқ! Аты аталған облыстардың басшылары Астана қаласының әкімшілігі істеген игі бастаманы жүзеге асырып жатса, қолдарын ешкім қаққан жоқ. Өткен айдың рейтингісінде бірінші орында тұрған Иманғали Тасмағамбетов әкімшілігі 3 мыңнан аса жаңа нұсқадағы лента мен төсбелгі таратып, үлгі көрсетті.

Наурыз мейрамын 9 түрлі атаумен 9 күн атап өтуді дәстүрге айналдырған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовті үлгі етудің орнына рейтинг түзушілер 6-орынға сырғыта салыпты. Біздің жабық зерттеу деп ат қойып, айдар тағып отырғанымыз сол.

 

Қоғамдық-саяси рейтингті кімдер түзу қажет?

Жалпы елдің қоғамдық-саяси өмірін зерттеп, халық арасындағы температураны дөп басатын зерттеу орталықтары болады. Ел ішіндегі қоғамдық-саяси жағдайға, шешім қабылдайтын саяси тұлғаларға қатысты рейтингті сол орталықтар түзіп отырғаны абзал. Алайда қазіргі кезде саяси-зерттеу институттарының жұмыстары мүлде көрінбейді. Олардың негізгі қызметі – мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына сараптамалар дайындап, алдын ала болжамдар жасап, шешім қабылдайтын ресми органдарға ықпал ете алу. Бізде саны көп болғанмен, сапасы сын көтермейтін, яғни жұмысының нәтижесін көрсетіп отырған институттарды тап басып айту қиын.

Ондай зерттеу институттары біздің елде дамыды деп айта алмаймыз. Гранттар мен тендерлерге жұмыс істейтін ұсақ орталықтар көп. Бірақ олар әзірге ықпалдылығымен көзге түсе алмай отыр. Негізі осындай орталықтар жүргізетін қоғамдық саяси өмірге қатысты әртүрлі рейтингтер сенімді шығады. Біздегі атауы бұрын-соңды танымал болмаған ұсақ-түйек орталықтардың бәрі облыс әкімдеріне баға беруге құмбыл келеді. Олардың саны күрт артқаны соншалық, солардың өздерінен бір рейтинг құруға болатындай...

Ұлағат Тілеуберген

Тегтер: