19.08.2015 в 18:44

ОҚО әкімі Б.Атамқұлов: "Оңтүстіктің өзіндік бренді қалыптасуы керек"

Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов ауыл шаруашылығы өркендеген соның ішінде жылыжайдың көлемі бойынша елімізде көш бастап тұрған Сарыағаш ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, онда атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Өңір басшысы алдымен «Жер сыйы» ЖШС-ның тұқымбағында болды. Танабай Шынтасов жетекшілік ететін серіктестік негізінен жеміс пен жүзімнің көп жылдық екпелерін баптап, өсірумен айналысады. Өздеріне тиесілі 94 га егістің жартысынан көбін үнемді әдіспен суғаратын серіктестік түрлі жеміс және субтропикалық, декоративтік көшеттерді өсіруде.

Тұқымбақты аралап, жұмысшылармен жүздескен облыс әкімі аймақта қарқынды көшет өндіруді толықтай қолға алу қажеттілігін айтып, тамшылатып суғарылатын егістік алқабының көлемін арттыру жайына ерекше тоқталды. Сапар барысында «Ынтымақ-Бесарыс» ЖШС-ның 14 га аумақты алып жатқан интенсивті алма бауында атқарылған жұмыстың жайын көрді. Голден Делишес, Фуджи, Айдаред, Гала, Гренни Смит сынды алма сорттарын өсіретін серіктестік алдағы уақытта бау көлемін 30 га жеткізуді межелеп отыр. Осы жерде сала мамандармен кеңескен өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласында оңтүстіктің өзіндік бренді қалыптасуы қажеттілігін айрықша айтып, облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевқа бренд символикасын әзірлеуді жүктеді.

Жалпы еліміздегі жылыжайлардың 87 пайызы Оңтүстік Қазақстанға тиесілі соның 50 пайызы Сарыағашта орналасқан. Облыс әкімі шетелден келетін өнімдерінің орнын толтыру үшін жауаптыларға осы салаға барынша басымдық беріп, еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұранысты отандық өнімдермен алмастыру бағытында жоспарлы жұмыс жасауды міндеттеді. Осы тұрғыда Сарыағаштағы жылыжай мен тамшылатып суару технологиясын ендіру тәжірибесін өзге аудандарға үлгі ретінде таратуды айрықша айтты. Өз кезегінде «Жабай ата» шаруа қожалығының жетекші Ергеш Төребеков инновациялық әдістердің нәтижесінде өндірілген өнім көлемінің екі мың тоннаға жеткенін жеткізді.

Қазіргі таңда оңтүстікқазақстандық диқандар мен кәсіпкерлер кедендік одақтың игілігін барынша ұтымды пайдаланып келеді. Облыста өсірілген бақша өнімдері мен өзге де ауыл шаруашылығы тауарлары еліміздің солтүстік өңірлері мен алыс-жақын шет елдердің нарығына экспортқа шығарылуда.

Бүгінде Сарыағаштағы  142 мектепте 70 мыңнан астам оқушы білім алады. Ауданда биыл бірқатар жаңа білім нысандарын пайдалануға беру жоспарлануда. Сапар  барысында облыс әкімі Жаңа құрылыс елді мекеніндегі құрылысы аяқталған мектептің ғимаратын аралап көрді.

«Бес қара» ЖШС-ның құрама жем цехында қытайдан келген мамандар жергілікті ауыл тұрғындарына жем шығару үрдісін үйретуде. Осы кешен маңындағы құс фабрикасында бүгінде 60 мыңнан астам құс өсірілуде. Алда осы маңнан заманауи құс өсіру кешені де ашылмақ.

Аудандағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында облыс әкіміне облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Олжас Тоғаев мекеме құрылғалы 58 мыңнан астам кәсіпкерге қызмет көрсетілгенін хабарлап, әкімшілік кедергілерді азайту бағытында қолға алынған шараларды жан-жақты баяндады.

Сарыағаш курорттық аймағын дамыту жобасының таныстырылымына арналған мәжілісте ОҚО кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Бауыржан Омарбеков бүгінде 134 га жердің игерілгенін жеткізіп, болашақта аумақтың 600 га құрайтынын айтты. Жоспар бойынша аймақ біркелкі қоршаумен қоршалып, жол жөнделеді, ағаш көшеттері отырғызылады, көгалдандыру жұмыстары қолға алынады. Ескі ғимараттардың іші-сырты әрленіп, инфрақұрылым ретке келтіріледі. Заман талабына сай жайлы мейрамхана, қонақүй, аквапарк салынып, сауда қатарлары біркелкі түрге енеді. Сондай-ақ, шипажайға барар жолдың бойына еңселі арка салынады.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов Сарыағашты еліміздегі белді курортық орталыққа айналдыру үшін сала мамандарымен жұмыла жұмыс жасау қажеттілігін айтып, тиісті министрлік өкілдерінің қатысуымен арнайы семинар өткізіп, онда осы жоба-жоспарды тиянақты таныстыруды тапсырды.

 

ОҚО әкімі аппаратының

баспасөз қызметі