25.08.2015 в 09:32

Шымкентке жеткілікті деңгейде мектеп оқулықтары берілді

Жыл сайын жыр болатын мектеп оқулығының жетіспеушілігі биыл оң шешілетін болды. Білім және ғылым министрлігіне қарата айтылған сындар мен жазылған шағымдардың нәтижесі болса керек, енді еліміздің оқушылары оқулық жетіспеушілігін көрмейтін болады деген еді ведомстводағылар. Айтқандай биыл Шымкенттік оқушылар оқулықтан тарықпайтын болды. Алматыдағы алты баспадан жарыққа шыққан оқулықтарды тиген жүк көлігі жоспар бойынша қалаға келді. №87 мектептің спорт залы уақытша кітап қоймасына айналды. Түсірілген оқулықтарды қалалық білім бөлімінің мамандары әр мектептің қажетіне қарай таратып береді, деп хабарлайды otyrar.kz. Бұл үшін жыл басынан бері арнайы жоспар құрылып, 700 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген болатын. Биылғы ерекшелік — 1-сынып бүлдіршіндеріне «Менің Отаным — Қазақстан!» атты кітап таратылады. Оны Елбасының өзі сыйға тартқан. Бүгінде өңірге жеткізілген оқулықтарды аудан-қалалардың сала мамандары бөлісіп жатыр.Елбасы жолдаған сыйлық 34 мың дана. Ол оқулықтың ішінен жас бүлдіршін туған елінің тарихымен толық таныса алады. Су жаңа кітаптың жиырма мың данасы шымкенттік балдырғандарға бұйырады. Енді оқулығы бар оқушыдан жетістік талап етілетін болады. Ата-аналар да балаларының оқулығы үшін қосымша қаржы шығындамайтын болды.

Сайгез ақпарат