25.08.2015 в 11:15

Орталықтағы ауданда оңды істер қолға алынды

ОҚО орталығы Шымкент қаласында жаңадан Қаратау ауданы құрылып, тиiстi әкiмдiк аппараты қалыптасқалы халықпен етене жұмыс жүргiзу басты назарға алынды. Қазiргi таңда аудан аумағында 30 елдi мекен бар. Өзектi мәселелердiң оңтайлы шешiмiн тауып, тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста болу мақсатында аудан әкiмi аппаратының халықпен жұмыс жүргiзу бөлiмiнен әр елдi мекенге жауапты мамандар бекiтiлген. Бүгiнде үй, орам, көшелердiң басқарушылары және өзге де белсендi мүшелерi тағайындалып, баршасы ауданның шырайын кiргiзуге атсалысып келедi. Тұрғындар мен мекеме қызметкерлерiнiң белсендi қатысуымен iшкi орамдық жолдар мен тиесiлi аумақты санитарлық тазалауда, көше бойларындағы бей-берекет шашылған қоқыстарды жинауда сенбiлiктердiң септiгi тиiп жатқанын айта кеткен абзал. Бұл ретте аудан әкiмдiгi жауапты мамандарының iшкi iстер органдары қызметкерлерiмен бiрлесе ұйымдастыратын рейдтiк iс-шаралары да нәтижесiн берiп отыр. Орын алған кемшiлiктер бойынша «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық» Кодексiнiң 434-бабына сәйкес әкiмшiлiк хаттамалар толтырылады. Сонымен қатар елдiмекендердегi қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаумен айналысатын мекемелермен келiсiмшарт түзу қажеттiгi жөнiнде тұрғындар арасында түсiндiру жұмыстары жүргiзiлiп, нәтижесiнде аудан көлемiнде ақпан айында бұл жұмыс бойынша көрсеткiш 25 пайыз болса, бүгiнде 81 пайызды құрап отыр.Тағы бiр мәселе, орталық жылу жүйесiне қосылған көпқабатты тұрғын үйлердiң жылу маусымына дайындық жұмыстары жайлы. «Нұрсәт» шағынауданында жалпы саны 223 баспана болса, оның 204-iн «Қуат жылу орталық» МКК қамтамасыз етедi. Мұндағы үйлерге сығымдау жұмыстарын кезең-кезеңiмен жүргiзу кестесi түзiлiп, әзiрге 87-сi қысқа әзiр. Бұдан бөлек «Нұрсәттегi» көпқабатты тұрғын үйлердi кондоминиум нысаны ретiнде әдiлет басқармасында тiркеуден өткiзiп, құжаттандыру үшiн үй басқарушылары мен тұрғындарға түсiндiру жұмыстары жүргiзiлуде.

Сайгез ақпарат