Бүгін Қармақшы ауданының ІІІ-Итернационал ауылынан бастап алғаш күрішке орақ түсті. Аудан əкімі Сұлтан Мақашов биыл өнім мол болсын деп, барша диқан қауымына сəттілік тіледі.
Өздеріңізге белгілі, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға үлкен мән беріліп келеді. Ауылшаруашылығы саласы бойынша ағымдағы жылы барлығы 21 983 гектар егіс орналастырылды, оның ішінде 15 390 гектарына күріш дақылы себілді.
Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 596 гектарға немесе 102,8 пайызға, күріш көлемі 1069 гектарға, немесе 107,5 пайызға артық егілді.
Егілген күріш алқабының 10,4 пайызына «Маржан», 58,1 пайызына «Лидер», 31,5 пайызына «Янтарь» сорттары орналастырылды.
Көктемгі егіс науқаны ұйымшылдықпен өтті. Аманшылық болса, күріштен биыл да жоғары өнім аламыз деген ойдамыз.
Ағымдағы жылы ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп 603,5 млн теңге көлемінде субсидия есептеліп берілуде.
Демек, бұның өзі ауылшаруашылығы саласына мемлекеттік қолдаудың жылдан-жылға арытып отырғандығының айқын көрнісі екендігі белгілі.
Бірақ, негізгі дақыл күрішті ауданда сапалы өңдеумен айналыспаймыз. Ешқандай өнім сыртқа шығармаймыз.Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1 млрд 213 млн теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,1 пайызға өсті.
Мал басын көбейту мақсатындағы жұмыстарға мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар аясында қолдау көрсетіліп келеді. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 4 шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Қызылорда филиалы және «Қорқыт елі НС» ЖШС арқылы 22,5 млн теңге несие алып, оған 126 бас аналық, 4 бас асыл тұқымды бұқа алып, тұқымдық түрлендіруге қатыстырылды.
«Құлан» бағдарламасы аясында Қармақшы ауылдық округінен Жеке кәсіпкер Б.Қыстаубаев 7,0 млн теңге, Ақтөбе ауылдық округінен «Дос» шаруа қожалығы 5,5 млн теңге несие алып, 55 бас бие, 6 бас асыл тұқымды айғыр алып өсіруде. Иіркөл ауылдық округінен «Сүйінтай» шаруа қожалығы 11,0 млн теңгеге жобасын өткізіп,қаралуын күтуде.
Жергілікті мал тұқымын асылдандырудың өнімділігі мен сапасын жақсартуға байланысты «Казагромаркетинг» акционерлік қоғамының ақпараттық талдау жүйесіне 22 шаруашылық енгізілсе, оның 19-ы тұқымдық түрлендіру талаптарына сай жұмыс атқаруда.
Ауданда биыл жалпы 10749 бас аналық болса, оның 1245 басы тұқымдық түрлендіруге қатыстырылып, 11,6 пайызын құрады.
Мал шаруашылығын қолдау бағытында 12,2 млн теңге субсидия берілді.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара басы 1,3 пайызға, жылқы 5,8 пайызға, түйе басы 0,3, қой-ешкі 1,4 пайызға өсті.
Ауданда мал басы жылдан жылға өскенімен ауданда асыл тұқымды мүйізді ірі қара, жылқы, қой малын алып айналысып отырған шаруашылықтар санаулы. Ет, сүт өнімдерін өңдейтін бағытта шаруа қожалықтар саны аз. Етке сойылатын мал басқа облыс, аудандардан әкелінеді.
Ағымдағы жылдың 6 айының көрсеткіштері бойынша басқа аудандармен салыстырғанда аудандағы мал басы төмен екендігін көрсетіп отыр. Халқының саны жағынан бізден төмен Сырдария мен Жалағаш аудандарында мүйізді ірі қара, жылқы саны бізден жоғары болып отыр.