26.08.2015 в 09:46

149 азамат кәсіпкерлік мектебінен кәсіп жасауды меңгерді

Оңтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарында кәсіпкерлік мектептері ашылуда. Онда кәсібін енді ашамын дегендерге ақыл-кеңес беріліп, шаруашылықты қалай жүргізу керектігі туралы білікті мамандар дәріс береді. Оны оқып шыққан азаматтар бірер жылда-ақ, белді кәсіпкер болып шыға келеді. Бұл мемлекет тарапынан кәсіп жасаймын деушілерге көрсетіп отырған қамқорлығы екені сөзсіз. Биыл ғана есігін ашқан кәсіпкерлік мектебінен соңғы алты айда 149 азамат осы саланың қыр-сырын меңгеруі-осының айғағы. Бұдан бөлек, тағы 21-і жұмысын бастауға ниеттеніп отыр. Айта кетейік, мал басын асыландыруға құлықтылар саны басым. Талғат Талымов- бұған дейін жұмыссыз еді. Енді міне жаңа кәсіп ашуды ойластырып жүр. Созақ ауданындағы кәсіпкерлік мектебіне келіп сондағылардың айтуымен осындағы ірі шаруақожалықтарымен тәжірибе алмасуда. Егер ойлағаны жүзеге асса қорасындағы азын-аулақ малын асылдандырмақ. Сол арқылы ет-сүт өнімдерін өндіруді жолға қоймақ. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін кәсіпкерлік мектебі тарапынан арнайы  оқу тренингтер ұйымдастырылып отырады. Соның бірі тамыздың 17 мен 21 аралығында «Сәтті қадам» жобасы  аясында ұйымдастырылған «Кәсіпкерлік негіздері» атты семинар. Мұндай шаралар кезінде мамандар қатысушыларға жан-жақты кеңес беріп, дұрыс жол сілтейді. Кәсіпкерлік мектебі ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту бағытындағы жұмысын одан әрі жалғастыра бермек. Өйткені, мықты экономиканың негізі шағын және орта бизнес екені белгілі.

Сайгез ақпарат