26.08.2015 в 10:08

ОҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары есеп берді

«Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте ОҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары О.Петухов өңір аумағында шаруашылық субъектілер бойынша жалпы 96360 автокөлік тіркелгендігін, оның 15135 бірлігі жолаушылар автокөлігі болса, 81 225 бірлігі – жүк автокөлігі санатына жататынын айтып өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі. Инспекция тарапынан бүгінгі таңда облысымыздағы 12892 шақырым автожол мен 466,3 шақырым магистральді темір жол бақылауға алынған.

            Қазіргі кезде инспекцияға қарасты жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінде 21 адам қызмет етіп, биылғы жылдың жеті айында жылдық жол жүру алымдары 101 пайызға немесе 134 млн. теңгеге орындалған. Есепті мерзім ішінде 2003 арнайы рұқсат алымдары рәсімделіп, 105 млн. теңге табыс түсірілген. Арнайы рұқсатсыз жүру бойынша 308 дерек анықталып, шара көрілген. Сондай-ақ, 7196 дана автокөлік, оның ішінде 980 дана каръерлік автокөлік тексеріліп, 658 құқықбұзушылық анықталып, 34 447 млн. теңге айыппұл салынған.

            Брифинг барысында О.Петухов облыс бойынша міндетті техникалық байқаудан өтетін автокөлік саны 383300 бірлікті құрайтынын атап өтіп, ағымдағы жылдың жеті айында техникалық байқауға 232154 автокөлік ұсынылғандығын мәлімдеді. Оның ішінде 205574 автокөлік техникалық байқаудан өтсе, түрлі техникалық ақаулықтарына байланысты 26580 автокөлік техникалық байқаудан өтпеді деп қорытынды шығарылған.

            Сондай-ақ инспекция өкілі БАҚ өкілдеріне жүргізілген рейдтік шаралардың қорытындысы мен темір жол және су көліктері бойынша атқарылған жұмыстарды баян етті.

Сайгез ақпарат