26.08.2015 в 11:12

Аудан әкімі базар бағасының тұрақтылығына көз жеткізді

Елбасының нарықтағы азық-түлiк бағасын тұрақтандыру жөнiндегi қатаң ескертуiне орай аудан, қала әкiмдерi дереу iске кiрiсiп кеттi. Сарыағаш ауданының әкiмi Бұхарбай Парманов та «Алып» сауда орталығы мен «Көк базарды» аралап шықты. Аудан басшысы азық-түлiк, жемiс-жидек және көкөнiстердiң бағасын таразылап шықты. Әзiрге күнделiктi тұтынатын азық-түлiктiң бағасы бiрқалыпты. Б.Парманов сатушылардың әрбiрiне күнделiктi тұтыну өнiмдерiн қымбаттатуға еш негiз жоқ екенiн айтып түсiндiрдi. Себебi, барлығы отандық өнiмдер. Ал, саудагерлер бағаны бұрынғы деңгейде ұстап тұрғандығын жеткiздi.

– Доллардың көтерiлуi бiздiң отандық өнiмге әсерiн тигiзе қойған жоқ. Фирмалар әкелетiн өнiмдердiң 90 пайызы өзiмiзден шығады. Ал шетелдiкiн өз басым алып сатпаймын. Сондықтан азық-түлiк бағасы өз қалпында. Оның көтерiлуiне негiз жоқ деп ойлаймын, – дейдi сатушы Бақтыгүл Жұманова.

Дегенмен, сауданың мың құбылатынын ескерген аудан әкiмi күн сайын бағаны бақылап отыру үшiн мониторинг жүргiзудi тиiстi сала басшыларына тапсырды. Әлеуметтiк маңызы бар тауарларға бағаның тұрақты болып қалуын қадағалайтын штаб құрылды. Сондай-ақ, аудан әкiмдiгiнiң мәжiлiс залында базар иелерiмен бiрлескен жиын өттi. Онда бағаны қайткенде бiрқалыпты ұстап тұру керектiгi сөз болды. Ендi базарда жемiс-жидек, азық-түлiк сататындар екi ай бойы күнделiктi салықтан босатылады. Жиынды басқарып отырған аудан әкiмiнiң орынбасары Т.Смайлов базар басшыларын осындай сынды сәтте халықпен бiрге болуға шақырды.

Сайгез ақпарат