28.08.2015 в 13:44

Түркістан мен Кентауда жаңа индустриалды нысандар бой көтеруде

Индустриаландыру бағдарламасы аясында Түркістан мен Кентау қалаларында жаңа 15 нысан іске қосылады. Бұл жайында ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұлов аталған аймақтардағы индустриалды аймақтарға жасаған сапары барысында айтты.

Өңір басшысы Түркістан қаласындағы индустриалды аймаққа ат басын бұрып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұған дейін бірнеше рет сынға іліккен нысан жұмысын тексерген Бейбіт Бәкірұлы оған оң баға беріп отыр. Жалпы аумағы 40 гектарды құрайтын аймақта барлығы 8 кәсіпорын бой көтереді. Жыл соңына дейін олардың екеуінің құырылысы аяқталса, тағы үшеуінің іргетасы қаланады. Зауыттардың барлығы дерлік құрылыс материалдарын шығарумен айналысады. Аталған кәсіпорындар 335 жуық адамды жұмыспен қамтиды.

Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының мезгілінен ауытқымай, уақытылы аяқталуы үшін жергілікті билік өкілдеріне нақты тапсырмалар берді.

Мұнан кейін Б.Бәкірұлы Кентаудағы индустриалды аймақта болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жалпы аумағы 25 гектарды құрайтын нысанда 7 жоба жүзеге асырылады. Олардың үшеуі қаладағы трансфарматор зауытына қажетті қосалқы бөлшектерді шығарумен айналыспақ. Жобаларды іске асыру үшін барлығы 2 млрд 127 млн теңге инвестиция тартылады және 165 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ, индустриалды аймақ қажетті инфрақұрылымның барлығымен қамтылады.

Сапар соңында өңір басшысы аталған индустриалды аймақтарды жаңа кәсіпорындармен толықтыру үшін Түркістан мен Кентау әкімдеріне инвесторлар тартуды тапсырды.