Бюст деген туынды өзі бір қызық нәрсе. Көбіне иығынан төмен қарай ештеңе жоқ қой. Ары кеткенде - кеуде тұсына дейін жасалады. Бастан-аяқ жасалған мүсін енді бюст емес, ескерткіш.
Жарымжан қылып мүсін жасап не керек шынында да? Сайып келгенде, ырымға да жаман сияқты. Патшаңның белуардан жоқ болғаны. Бірақ мәдениеттанушылардың бұған орай өз уәжі бар.
Сүйтсек, көне Ұрым империясы кеңейген сайын, басқару ісі де қиынға соғыпты-мыс. Басқару ісіндегі ең басты нәрсе - басқаратын кісінің беделі мен мысы ғой. Міне, тап осыны Ұрымнан басқа жерге жеткізу қиын болыпты. Ұрымдықтар император Аугуст Октавиді күнде көреді. Бірақ мыңдаған шақырым жердегі галлдар мен кельттер өз патшасын қалай көрмек? Басыбайлы құлым десеңіз де, өз әміршісінің келбетін көруге хақысы бар. Әрине, "патшамыздың келбеті шамамен мынадай" деп, бет-ауызыңызды тыржитып көрсете алмайсың. Бюст - осыдан шыққан қулық дейді мәдениеттанушылар. Патша келбетінің жаманын жасырып, жақсысы асырылған бюсттер жасалып, империяның барлық түкпіріне таратылған. Ұрымдықтардың қосындарында императорлардың сұсты бюсті басыбайлы халқына телміріп тұрған. Мүсіншілер мыңдаған шақырым қашықтықтағы императордың мессежін оның бюсті арқылы жеткізуде талай өнер шыңғын бағындырған. Кез-келген антикалық бюсттен сес байқайсыз. Әмірші әлжуаз болса да, алып етіп жасалған. Осылайша, тек қана күштіні сыйлайтын замандарда бюст бүгінгі TV/радио/баспа рөлін орындапты-мыс.
Ағарту ісі белең алып, былайғы халық алыпты ғана емес, ақылдыларды да сыйлайтын Қайта Өрлеу Дәуірінің, одан қалды - Ұлы Француз төңкерісінің тәлімімен басталған XX ғасырда, енді тек ақырған әміршілер мен айбынды қолбасшылар емес, ғұламалардың да кескіндері қашала бастады. Сәйкесінше, күдікпен томсырая қалған кескіндерге аздап күлкі үйірілді, әйтеуір көздерімен "тиіспей" қарайтын бюстер көбейді. Бұрын билеушінің даңқы мен айбынын, бірбеткей бетпақтығын жеткізу мәселе болса, ендігісі - ақыл-ой кемеңгерінің данышпандығын жеткізу еді. Бірақ техниканың жетілуіне байланысты, бюст ендігәрі насихат құралынан гөрі, көрінеу құрмет белгісі болып қалды. Партком хатшысының бөлмесіндегі қызыл жалау, Лениннің протреті мен бюсті - коммунизмді насихаттаудан гөрі, алдымен оның өзінің идеологиялық қақтаудан өткенін аңғарту үшін қойылды ма екен.
Не десек те, үгіт-насихат жұмыстарының салмағы мәрмәр мен қоладан әрі қарай медиаға өткені анық. Осы жерден бюстің тақырыбымызбен байланысын да жоғалтып отрымын, ендеше - тәмам.
Ереке Базарқұл