Жуырда қала әкімдігінің кіші мәжіліс залында қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаевтың төрағалығымен әр күні бағаны тұрақтандыру бойынша құрылған штабтың отырысы болып өтуде.
Қала базарларының басшылары мен ауыл дүкендерінің иелері және қала әкімдігіне қарасты дербес бөлім мен аймақтық басқарма басшылары қатысқан жиында негізсіз бағаны көтермеу мәселесі жан-жақты қаралды. Егерде бағаны негізсіз көтерген жағдайда тиісті шара көрілетінін қала басшысы базар мен дүкендердің иелеріне қатаң ескертті. Сондай-ақ, ауыл әкімдері мен бөлім басшыларына бақылауға алу үшін бекітіліп берілген дүкендерді күнделікті екі рет аралап, тиісті мәлімет жолдап отыру қажеттігін атап өтті.
Аталған жиында кәсіпкерлік және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Аширов базарлар мен азық-түлік сататын дүкендерде бағалардың тұрақтылығын баяндап, әзірге ешқандай өсім жоқтығын жеткізді. Ауыл әкімдері де ауылдардағы дүкендерді күнделікті бақылап отырғандарын айтып өтті.
Жиын соңында қала басшысы күнделікті өтетін штаб отырысына нақты мәліметтер ұсынып, халық көп тұтынатын азық-түліктермен дәрі-дәрмектердің бағалары негізсіз өсуіне жол бермеу қажеттігін ескертіп, бірқатар тапсырмалар жүктеді.