Оңтүстік Қазақстан облысы мектептеріндегі тексерістер заңды және олар балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған, деп хабарлайды ОҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.
Кейінгі кездері бұқарлық ақпарат құралдарында мектеп қызметінде, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында жиі прокурорлық тексерістер жүргізетіні туралы теріс материалдар жарық көрген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабы және Қазақстан Республикасы «Прокуратура туралы» Заңының талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасының прокуратурасы мемлекет атынан Республика аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті Жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәл және біркелкі қолданылуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асырады, кез келген заң бұзушылықтарды анықтауға және жоюға шаралар қабылдайды.
Кәмелетке толмағандар туралы заңнамаларды прокурорлық қадағалауды жүзеге асыру прокуратура органдарының басым бағыттарының бірі болып табылады.
Жыл сайын прокуратура органдары тексерулердің нәтижесімен 200 мыңнан астам балалардың құқықтарын қорғайды.
Бүгінгі таңда республика мектептерінде 2,5 млн.-нан астам балалар білім алып жатқанын ескеріп, олардың құқықтарының қорғалуы мәселесіне прокурорлар тарапынан барынша көңіл бөлінеді.
Бұл ретте прокурорлардың мектептер қызметіндегі тексерістері қандай да бір бұзушылықтардың орын алып отырғандығы туралы азаматтардың арыздары мен өзге де хабарламалары негізінде оларға қалалық және аудандық білім бөлімдері тарапынан шара қабылданбай жатқандықтан жүргізіледі.
Сөйтіп, 2014 жылы және ағымдағы жылдың 7 айында облыстық прокуратура органдарына уәкілетті орган және білім беру мекемелері қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты 283 арыздар келіп түссе, олардың 210-ы мектеп қызметтеріне қатысты.
Осы мерзімде Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратура органдары әлеуметтік-экономикалық салада жүргізген 2400 тексеруінің 123-і немесе 5%-ы ғана мектептерде жүргізілгенін айта кеткен жөн. Облыс бойынша 1022 мектеп жұмыс атқарады, яғни 10 мектептің 8-і прокурорлық тексерулермен қамтылмаған. Бұл ретте 27 мектеп жоспар бойынша тексерілсе, қалған 96-ы арызданушылардың бастамасымен жүргізілген.
Мектептерде және өзге де білім беру мекемелерде тексерулер жүргізудің қажеттілігі білім беру ұйымдарының әкімшілігі, сондай-ақ қалалық және аудандық білім бөлімдерінің тарапынан кәмелетке толмағандардың білім алу құқықтарын толығымен қамтамасыз етпеу, сабақтан жалтарған жасөспірімдерге шаралар қолданбау, балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоймау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алудың тиісті деңгейде болмауынан және т.б. туындайды.
Бұл жөнінде прокурорлар анықтаған білім саласына бөлінген бюджет қаржысын ысыраптау, сабақ уақытында оқушыларды зиянды жұмыстарға тарту, оқушылар арасында орын алған қылмыстарды жасыру, оқушыларға қол көтеру, оқушылардың мектепте атыс қаруын алып жүру, оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету кезінде санитарлық талаптардың бұзылуы және т.б. деректері растайды.
Осы тұста мектептерде балалардың құқықтарының бұзылуы жылдан жылға жүйелі сипат алып отыр, осының салдары ауыр зардаптарға соқтырмауы үшін прокурорлар жағдайды жиі бақылап, қажет болған жағдайда уақтылы шаралар қабылдауға мәжбүр болуда.
Мысалы, тек прокурорлардың араласуымен Шымкент қаласындағы 180 бала білім алып жатқан ғимараты апатты жағдайдағы № 79 мектептің қызметі тоқтатылды.
Өзге жағдайда, Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында 13 мектептің 500-ге жуық оқушылары сабақ уақытында заңсыз мақта теріміне тартылғаны анықталып, прокурорлық актіні қараудың нәтижесімен оқушылар сабаққа қайтарылып, кінәлі қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Жекелеген мектеп директорларының оқушылардың жүкті болу деректерін жасырып, нәтижесінде жасы кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық тиіспеушілік қылмыстарын жасаған адамдардың қылмыстық жауапкершілікке тартылудан жалтаруына жағдай жасау фактілері анықталды.
Бұдан бөлек, мектеп директорларының сыбайлас жемқорлық санатындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жасау деректері жалғасын табуда. Мысалы, мектепке мұғалімдерді жұмысқа қабылдау, оларға сағат жүктемесін бөлумен байланысты мәселелерді шешуде пара алғандары, сондай-ақ олардан жүйелі түрде ақша жинағандары үшін Шымкент қаласының №68, Кентау қаласының №11, Арыс қаласының №11 мектеп директорлары сотталған.
Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының мектептеріндегі жекелеген тексерістер кезінде оқушылардың арасында 17 қорқытып алу деректері анықталып, олар бойынша қылмыстық істер қозғалған, сондай-ақ оқушылар өз еріктерімен шолақ мылтықтар және газды-тарвматикалық қаруларды қоса алғанда 130-дан аса тіркелмеген қаруларды тапсырған.
Прокурорлық тексерумен Шымкент қаласындағы №39 мектептің 9-сынып оқушысының сабақ уақытында 2 травматикалық қаруды алып жүру дерегі анықталған. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Осы уақытқа дейін мектептердегі мұғалімдер құрамының оқушыларға қатысты күш қолдану оқиғалары тыйылмай келеді.
Атап айтқанда, Шымкент қаласындағы №11 мектепте прокурорлық тексеріс кезінде математика пәні мұғалімінің 6-сынып оқушысының тапсырманы дұрыс шешпегені үшін оған қол көтеру дерегі анықталған. Қазір қылмыстық іс сотта қаралуда.
Педогогтардың тарапынан заң бұзушылықтарға жүйелі түрде жол берілуі прокурорлардың мектептерде оқушылардың сабаққа қатысуы және оқушылардың білімін бағалау сияқты педогогикалық сұрақтарға да назар аударуға мәжбүр етеді. Сабаққа қатысуын қадағалау және сабаққа келмегендерге уақтылы шара қабылдамау сияқты мұғалімдердің өздерінің тікелей міндеттеріне немқұрайлы қарауы балаларға қатысты қылмыстардың орын алуына жағдай туғызады.
Мысалы, Шымкент қаласындағы мектепті тексеру кезінде, сынып журналы бойынша 11-сынып оқушысының сабаққа қатысқаны және оған жақсы бағалар қойылғаны, алайда, нақты осы уақытта ол ата -анасының келісімінсіз Корея Республикасына кеткені анықталған, бүгінгі таңда оның нақты мекен-жайы белгісіз. Кәмелетке жасы толмаған адамды Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары заңсыз тасымалдау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Сондай-ақ, осы мектепте 17 оқушы ұзақ уақыт бойы (90-нан 400 сағатқа дейін) сабаққа қатыспаған, ал бұған мектеп әкімшілігі және сынып жетекшісі немқұрайдылық танытқан.
Бұдан бөлек, аталған мектепте сабаққа қатыспау себебін анықтау кезінде прокурорлар бала сату дерегін анықтады. Ағайынды болып табылатын үш оқушының сабаққа қатыспау мәліметі бойынша қарсы тексеру кезінде олардың өздерінің сәби інілеріне қарағандары анықталды, бірақ тексеру кезінде аталған нәресте үйінде болмаған. Кейін белгілі болғанындай, емізулі нәрестесін анасы 200 000 теңге және алтын сырғаға Маңғыстау облысындағы бір отбасыға сатып жіберген. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс сотта қаралуда.
Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратура органдарының тексерістері кезінде ұзақ уақыт бойына сабаққа қатыспаған 500-ден астам оқушы анықталған. Барлық деректер бойынша прокурорлық ықпал ету шаралары қабылданған. Тұтастай алғанда, өңірдегі мектептерде жүргізілген тексерулердің қорытындылары бойынша 7 мыңнан астам балалардың құқықтары қорғалған.
Осының негізінде мектептердегі прокурорлық тексерістердің негізделгенін, олардың білім беру саласындағы заңдылықтың жай-күйін ескере отырып жүргізілетінін және ең алдымен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын хабарлаймыз.