10.09.2015 в 19:01

Барын бағалаған бағбан

Азамат үшін туған жерден  артық та,  ыстық та  ме­кен ешбір жерде жоқ. Мұны адам баласының бәрі де біледі. Міне, сондай туған жері үшін тер төге еңбек ет­кен азаматтардың бірі Мұсағали Өскелеңов.

Расында да, Мұсекең ағамызды жосалылықтар қарапайым тұрғын ретінде ғана емес, өз ісінің ше­бері, білгір де ізденімпаз бағбан, сонымен қатар еңбек­қор  азамат деп таниды.

Олай дейтін себебім, оның өнегелі өмір жолдары мен көпке үлгі боларлықтай атқарған істері  жайлы аудандық басылымға бұған дейін де жарияланған болатын.

Иә, осыдан тура бір жыл бұрын Мұсағали ағамыздың үй адындағы бау-бақшасында өсірілген жеміс-жидектер мен көкөністер және олардан алынған өнімдер мен бағбанның егін егу тәсілдері жайлы мақала жазған болатынмын. Және де жа­зыл­ған  мақала соңынан оқырмандар тарапынан редакциямызға  көптеген жылы лебіздер  түскен бо­латын. Тіпті, көптеген оқырмандар бағбанның   мекен-жайын сұрап,  ағамыздан ақыл-кеңес сұрап жатқанына куә болдық.

 Араға жыл салып, оның отбасына атбасын бұрдым.

Аулаға кіргенімде мені үйдің отанасы, көптеген жылдар бойы шәкірттерін ән мен жырға баулып, бүгінде құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан  Ұлболсын апайымыз қарсы алды. Мен апаймен амандық сұрасып,   келуімнің мақсатын түсіндірген  соң, ол кісіден отағасының жұмыста екенін біліп, ағай қызмет ететін №105 орта мектепке тартып кеттім.

Мектеп ауласы адамға толы. Өйткені, биылғы жылы аталмыш білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінде сол жұмыстар тә­мам­далуға жақын. Мектеп ауласында жайқала өс­кен гүлдер арасында мектеп директоры  Гүлжаһан Мұ­нарбаева мен Мұсағали Өс­ке­ле­ңов, Нұрлыбек Әлжанов және мектептің  бас­қа да қызметкерлерімен бірге жұмыстар атқаруда екен. Амандық-саулықтан соң менің келгеніме  өзінің қуа­нышын жасырмаған мекеме басшысы жасыл же­лек­ке бөленген мектептің тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелеп берді.

Расында да, мектеп ауласында  осыдан он жыл­дай бұрын азғантай ғана тал өсіп тұрған болса, бүгінде ұжым қызметкерлерінің күшімен егілген 300-ге жуық түрлі саялы ағаштар бой көтеріп, ай­налаға сән беріп  тұр десем артық айтпаған болар едім. Сонымен бірге, аулада питуня, астра, қалам­пыр, түймедақ, қалыңдық гүлі, гладиолис, барқыт гүлі, лилия және басқа да  гүлдер өсіп тұр.

-Мына жайқала өскен талдарды өсіру бізге оңай болған жоқ. Мектеп айналасындағы өскін­дерге аяқ су жеткізу көп қиындық туғызды. Жеке тұрғындармен келісе отырып, аяқ судың да  мәселесін шештік. Ал, мына жайқала өскен гүлдерге келер болсақ, бұларды өсіру үшін біз оларды күніне үш рет суарып отырдық. Тіпті, тамшылатып суғаруды да қолға алдық. Нәтижесі жаман болмады. Еңбегіміз ақталды. Ұжым қыз­мет­керлерінің қолдауымен атқарылған бұл игі­лік­ті ісімізге жұртшылық дән риза. Осы ретте, мектебімізге күрделі жөндеу жұ­мыс­тарын жүргізіп жатқан «Өмірзақ» ЖШС-нің құрылысшыларына ұжымымыздың алғысы шексіз. Өйткені, құрыш қолды құрылысшылар бізге тарту ретінде жер асты суын қазып берді. Бүгінде біз үшін аяқ су бас ауыртатын мәселе болмай қалды. Сонымен қатар, биылғы оқу жылын тәмамдаған 9 бітірушіміз мемлекеттік грантқа  ие болса, бір оқушымыз  Алматы қаласындағы Қазақ қыздар пе­дагогикалық институты ректорының грантын иеленді. Тағы бір айта кетерлік қуанышты жайт, бір ұстазымыз «ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері» атанды,-дейді мектеп басшысы Гүлжаһан Мұнарбаева.

Көп ұзамай  бағбанның үйіне жеттік. Аулаға ендік те  тамаша көрініске куә болдық. Самал желмен шайқатыла тербелген талдардың сыбдыры мен сол талдарға қонып  ән шырқаған құстардың дауыстары  бізді еріксіз өздеріне елтіп әкетті.

Менің осы әсерге қатты беріліп  кеткенімді байқаған  бағбан бақ ішіне ертіп кірді.

Қандай тамаша көрініс, жеміске толы түрлі ағаштар мен Жер ана қойнауын жарып шыққан көк­өністер мен бақша өнімдері сені мен мұндалап шақырады.

-Өткен жылы өзің көргендей биыл да мен біршама жұмыстар атқардым. Бақшалығымда асқабақтың 8 түрі өсіп тұр.  Қазіргі таңда олардың әрқайсысы 15-20 келіден болса, піскен кезде біреуінің салмағы  30 келіге дейін тартатын болады. Сонымен қатар, қы­занақтың «Оранжевый», «Қара ханзада», «Қара бұршақ», «Бол­гарс­кий» және басқа да сорттарын ектім. Қиярдың 4 түрі, болгар бұрышының 2 түрі, қырыққабаттың 2 түрі, бақлажанның 2 түрі өсірілуде. Аллаға шүкір, еңбегім зая кеткен жоқ. Осындай тер төге еткен еселі еңбегімнің арқасында бүгінде жарым Ұлболсынның дастарханына қойылатын ас мәзірі  молая түсті. Осы жеміс-жидектер мен көкөністерден  түрлі тосаптар мен салат түрлерін дайындап алудамыз. Бізде тамыр-таныс, ағайын  көп қой. Әрине, бақшадан шыққан өнімдермен олармен де бөлісудеміз. Ал, мына жайқала өскен бақтағы өскіндерге тоқталар болсақ,   аумағы 20 сотықтан астам болатын бақ ішінде  алманың 4 түрі, алмұрттың 2 түрі, жүзімнің 3 түрі, қара өріктің 4 түрі, қызыл және сары  өріктің әрқайсысынан 2 түрінен бар. Сондай-ақ, қарақат, жиде ағаштары өсуде. Бәрі де жеміс беріп тұр.

Ал, мына көкке қалай да жетем деп асыға өсіп бара жатқан саялы талдар ішінде тораңғұл мен терек, қаратал, үйеңкі мен Сыр талы  және басқа да талдар өсіп,  тек менің ғана емес, осы аймақтың сә­нін келтіріп тұр десем өтірік айтпаған болар едім,-дейді  барын бағалай білген бағбан ағамыз Мұсағали Өскелеңов.