Бүгін, 11 қыркүйек, өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Алматы қаласында бизнес форум өтіп жатыр. Таңғы сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін жалғасатын ынтымақтастық форумына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Әукенов пен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев қатысуда. Қос облыстың кәсіпкерлік саласын нығайтуға бағытталған жиында екі облыстың кәсіпкерлер Палатасының өкілдері мен «Шымкент» ӘКК» ҰК» АҚ, ОҚО-ның қаржы институттары және ОҚО мен Алматы қаласының кәсіпкерлері де бар.
Форум аясында Оңтүстік Қазақстан облысының Индустриалды аймағы мен Агро-индустриалды аймағы, Еркін экономикалық аймақ пен көліктік-логистикалық орталығы, сондай-ақ, өңірдегі туристік нысандар мен өзге де өндіруші кәсіпорындар сынды инвестициялық жобаларының таныстырылымы өтеді деп жоспарланып жатыр. Сондай-ақ, жиында қос облыстың экономикалық және сауда-саттық қатынастарындағы жетістіктері талқыланып, олардың жүзеге асыру механизмдері қаралмақ.
Форум барысында Алматы қаласынан көліктік-логистикалық орталық салу үшін ОҚО инвесторларына жер телімін бөлу мәселесі де талқыланады.
Жиын соңында қатысушылар арасында В2В және В2G форматында кездесу өтіп, Алматыда көліктік-логистикалық орталық салу үшін жер телімін бөлу бойынша, «Шымкент» ӘКК» ҰҚ» АҚ мен «Жетысу Семиречье» сауда-логистикалық кешені арасында және ОҚО аймағында бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойылмақ.
Іс-шарада «Жетісу-Семиречье» сауда-логистикалық кешенінің аймағында Оңтүстік Қазақстан облысының тауарөндірушілерінің көрмесін өткізу жоспарланып отыр. Онда біздің өңірдің тоқыма, азық-түлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен өзге де салаларында жұмыс істейтін 60-тан аса компанияның өнімдері қойылады.
Екі облыстың кәсіпкерлері бас қосқан жиын нәтижелі болады деп күтілуде. Осы кездесу кезінде «Жетісу-Семиречье» сауда-логистикалық кешенінің аймағында ОҚО өнімдерін сақтайтын қойма алаңдары үшін павильон кешенін салу келіссөздері жасалмақ. Ұсынылған кешен жобасы Оңтүстік астанада салынатын болса, Күнгейден жіберілген өнімдер ешқандай делсалсыз, тікелей қоймаға жетіп, сақталып, қала тұрғындарына қолжетімді бағада сатылатын болады.