11.09.2015 в 17:33

Кадрлық тағайындаулардың соңы не болады?

Бүгін Қазақстан халқы (Қазақ хандығына 550 жыл) тойға айналғанда, истеблишментте кадрлық тағайындаулар болды. Бүгінгі тағайындауларды SAIGEZ.KZ дәл болжады. Сонымен бүгінгі кадрлық өзгерістер және оның қорытындылары.

1. Архимед Мұхамбетов Ақтөбе облысын гүлдей жайнатты деп айта алмаймыз. Қалыпты, өзге әкімдердің алдына да түспей, соңында да қалмай қызмет атқарды. Бетегеден биік, жусаннан аласа. Қала әкімінен облысқа барған Архимедтің күші таусылды дегендер болды. Алайда жас әкім Президент тарапынан тағы бір мүмкіндік алды. Сенім кредиті дейміз бе әйтеуір, астықты өлке Қостанайға жиым-терім уақытында топ ете қалды. Егер егіс бітік шығып, шірітпей жинай алса, біраз уақытқа дейін Архимедтің келе салып істеген жұмысы боп есептелетіні сөзсіз.

2. Ал Архимед келе жатыр дегенде креслосын босатып берген Нұралы Садуақасовтың жағдайы қалай болады? Облыс орталығы әкімінің екі бірдей орынбасары істі болып аты шықты. Одан кейін Нұралы Садуақасов өз өкімімен тағайындаған Ахметбек Ахметжанов отставкаға кетті. Ертеңінде күдікті болып үй қамаққа алынса, тағы бір күннен кейін өзіне тағылған айыптарды мойындап үлгерді. Осы кадрлардың ең биігінде отырған Нұралы Садуақасовтың көрші екі облыстың әкімімен саунада концерт көргенінен бөлек, таңдаған кадрларының бәрі айыпты боп жатқанда Садуақасовқа тексеріс жүрмейді деп тағы айта алмаймыз. Сонымен демалыс күндері немесе келер аптаның басында Нұралы Садуақасов есімі ақпараттық трендке айналып жатса, таңғалмаймыз.

3. Бүгінгі тағайындаудың алғашқы доминосына айналған Архимед Мұхамбетовтен қалған Ақтөбеге басшылық жасауға барған Бердібек Сапарбаевтың тағайындалуына жергілікті халық қуанып жатыр. Сапарбаев өз биігіндегі саясаткер. Төмендеп көрген емес. Облыс шаруашылықтарын ұршықша иіретін сирек басшының бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімін ақтап шығатын әкім боларына сенім мол.

4. Көпшілік күтпеген тағайындау ҚР Премьер-министрінің орынбасарлығына Дариға Назарбаеваның келуі болды. Ақпараттық саясатты әбден меңгегрген ол партия құрып, жеке саясаткер ретінде имидж қалыптастырып үлгерген. Үлкен саяси науқандарда бақ сынаған. Екі мәрте депутат болып, Парламентте ысылды. Вице-спикер қызметін атқарды. Парламент депутаттарының әдетте Үкімет мүшелеріне тісі батпайды. Дариға Нұрсұлтанқызы бұл стереотипті бұзды.

Салдары қандай? Сөз жоқ енді атқарушы билік күшейе түседі. Ел өміріндегі жаңа бастамаларды жүзеге асыру үшін Үкіметтің ширақ қимылдау керектігі – аксиома. Қазақ хандығының 550 жылдық тойы ресми түрде бүгін басталғанымен, ұлтты біріктіре түсетін бұл шара жыл соңына дейін үлкен леппен жалғасады. Ал Ұлы тойдың қорытынды бағасы келер жылдың басында беріледі. Сондықтан Сапарбаев бастап кеткен жобаларды Назарбаева сәтімен аяқтап жатса, оның халық алдындағы беделі арта түсетіні сөзсіз. Атқарушы билікте оның жаңа мүмкіндіктері ашылып, басқа қырынан көрінеді.