14.09.2015 в 15:30

Түлкібас ауданында екі жаңа балабақша ашылды

Балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша Елбасы 2020 жылы балаларды 100 пайызға қамту жөнінде тапсырма берген болатын. Осы тапсырма Түлкібас ауданында орындауда. Өйткені ауданда «Балапан» бағдарламасы аясында 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту өткен жылы 76,6 пайызды құраса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 93 пайызды құрап отыр. Әрине бұл қуантарлық жағдай. Әлеуметтік мәселелер оң шешімін тапқан аудандағы шалғай орналасқан елді-мекендерде балабақшалар ашылып, жаңа білім ошақтары балаларға есігін айқара ашпақ.

Сондай өңірдің бірі Рысқұлов ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылында 150 орындық мектептің құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға берілу жоспарланса, енді міне ауылда 100 орындық «Қарақат» балабақшасы ел игілігіне берілді. Әлеуметтік нысан «Балапан» бағдарламасы бойынша мемлекет пен жекеменшік әріптестігі негізінде іске қосылды.Осы орайда 22 ауыл азаматы жұмыспен қамтылды. Аталған балабақшаға Жаңаталап, Жыланды, Қарабастау ауылының бүлдіршіндері қамтылмақ.

Осы күні Жаскешу ауылын да жаңа 100 орындық балабақша пайдалануға берілді. 5500-ге жуық халқы бар Жаскешу ауылында бұл осымен 3 балабақша болып отыр. Халық саны жыл сайын өсіп келе жатқан ауылда жаңа балабақшаға 25 адам тұрақты жұмысқа тартылды. Аталған балабақшаларда ойын алаңдары, жатын бөлмелер, оқу сыныптары, бейнелеу өнері залдары заманауи талаптарға сай жабдықталған. Барлық алаңдарға құм төгіліп, сырғанау төбелерімен, әткеншектермен жабдықталған.

Жаңа балабақшалардың ашылуында аудан әкімі Қ.Абдуалиев сөз сөйлеп, бүгінге күнге дейін әрбір ауылдың орталық ауылдарына ерекше көңіл бөлініп келсе, енді мінде шалғай орналасқан елді –мекендердің ішкі көшелер асфальтанып, мектептер мен балабақшалар ашылуда, ауыл азаматтарымен бірігіп спорт алаңшалары мен саябақтар ашып отырмыз деді. Сонымен қатар ауданымызда балабақша санының артуы Елбасымыз Н. Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде жүзеге асып жатыр. Бұндай көрсеткіш жаңа балабақша құрылыстарын жүргізу мен бұрынғы балабақшаларды мемлекетке тегін қайтару арқылы, сондай-ақ мектеп жанынан шағын орталықтар салып, жеке меншік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстар беру арқылы жүзеге асырылуда деді.

Сондай-ақ жыл соңына дейін осындай ауданда 3 балабақша ашу жоспарлануда.