Жақында тау бөктеріндегі «Бәйшешек» спорт-сауықтыру орталығында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтахановтың облыс жастарымен кездесуі өткен. Алқақотан кеңесте жастар өздерін мазалаған сауалдарға билік өкілінен тұшымды жауап күтті. Соның бірі – Созақ аудандық мәдениет үйінде қызмет жасайтын қарындасымыз баспана, жалақы мәселесінің өзін қанағаттандырмайтынын айтқан.
Әкімдік жастарға арнап баспана салмайды, адам көп болғандықтан жалақы мардымсыз. Қалай көсегеміз көгереді? Ерлан Қуанышұлы мемлекеттік «Серпін» бағдарламасы жайында жан-жақты талдау жасады. Расы керек, алтын құрсақ Оңтүстік мұнайға болмаса да адамға бай. Мақтаарал, Сарыағаш аудандары, Түркістан қаласында 250-300 мың аралығында тұрғын тұрады. Былай айтқанда шағын облыстың халқымен тең. Алайда, халқы көп екен деп артық штат бөлінбейді. Сондықтан, мамандығы бар жастардың жұмыс табу мүмкіндігінің шектеулі екендігі белгілі.
– Қазақстанның қай жері болсын қазақ баласы үшін туған жері, – деді облыс әкімінің орынбасары.
– Сен, қарындасым, солтүстік жаққа барсаң өзің сұраған мәселелерді толықтай шешетініңе күмәнданбаймын. Ондай жақсы мысалдар көп. Оңтүстікте жұмыссыз жүргендердің солтүстікке барғанда бірінің мәдениет үйінің меңгерушісі, бірінің мектеп директоры болып тағайындалып, жемісті жұмыс жасап жатқандығын өз көзіммен көрдім. Мұнда жұмыссыздықтан қысылып, әлеуметтік мәселелерді шеше алмай жүргенше солтүстікке барып бағыңды сына. Отбасылы да боласың» деген.
Біраз жастар бармаққа қопаңдап қалған. Сол күн де жетті. Жақында оңтүстіктің үш мың студенті «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» бағдарламасы аясында солтүстікке сапар шекті. «Серпін» бағдарламасы бойынша 19 оқу орнына техникалық және педагогикалық мамандықтарға 5 мың грант, 34 колледжге 1200 грант бөлінген. Павлодардағы Жаяу Мұса атындағы Ақсу колледжіне қабылданған Айтілеудің анасы Сұлу Махан баласының болашағы үшін енді алаңдамайтындығын айтады. Кәсібін меңгеріп шығады. Студенттерге шәкіртақы, жатақхана және қыстық киімдер беріледі. Бәрі тегін. Оның сыртында екі рет еліне барып келуге жолақы қарастырылған. Бағдарлама бойынша 6495 жас өтініш жазса, оның 3 мыңнан астамы грант иесі атанды. Екі жаққа да тиімді бағдарлама мезгілі жеткен түйінді осылайша тарқатады.