Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Мәжілісте «Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясын ұйымдастыру бойынша атқарылатын жұмыстар пысықталды. Айту керек, бұл бастама қазақ хандығының 550 жылдығына арналмақ.
Жиында аналар кеңесінің де төрайымы сайланды. Облыстық ассамблея жанынан құрылған қоғамдық ұйымды бұған дейін «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығының төрайымы Гауһар Төлепова негізгі жұмысымен қоса атқарып келген. Облыстық Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов Гауһар Уәлиханқызының атқарған жұмысына алғыс білдірді.
Сонымен бірге төрайым міндетін атқаруға облыстық мәслихаттың депутаты Рәшкүл Оспаналиеваның кандидатурасын ұсынды. Рәшкүл Жәлелқызы 1961 жылы қазанның 20-сы күні Жамбыл облысы Шу ауданы Абай ауылында дүниеге келген. Отбасында 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан 4 немере сүйген. 1997 жылдан бастап, кәсіпкерлікпен айналысып келеді.
Бүгінде «Береке» корпорациясы президентінің кеңесшісі. Жамбыл облысы Шу ауданының, Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек, Қазығұрт, Төлеби аудандарының құрметті азаматы. Қоғамдық саяси істерге белсене араласып жүрген Рәшкүл Оспанәлиева бұдан бөлек, Қазақстан іскер әйелдер кеңесінің мүшесі. Облыстық саясаткер әйелдер кеңесінің төрайымы.
Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген Рәшкүл Оспаналиеваны Облыстық Ассамблея мүшелері бірауыздан аналар кеңесінің төрайымы болуға лайық деп тапты.