01.10.2015 в 09:46

ОҚО-да 28 мемлекеттік нысан сатылымға түспек

Жекешелендірудің екінші толқынын жүзеге асыру – Қазақстанның кәсіпкерлікті дамытудағы үлкен жемісі болмақ. Үкіметтің бекітуімен еліміз бойынша сатылымға шығарылған мемлекеттік нысандар - 853. Оның 28-і біздің облыстың еншісіне тиесілі. Былтыр облысымызда 6 нысан сатылымға шығып, 5-і нақты иесін тапқан.

Облысымызда жекешелендіруге шығарылған нысандардың басым бөлігі коммуналдық қызметті жүргізетін мекемелер болса, кейінгі орында демалыс және сауықтыру лагерлері, мектепке дейінгі мекемелер  мен денсаулық сақтау мекемесі, тіпті, футбол командалары да бар. Былтыр қысқы спорт түрлерін дамытуға лайықталған «Алатау» шаңғы базасы сатылған.

«Шардара балық питомнигі» ЖШС – да лезде егесін тапқан. Бұл мекемелерге қойылатын шарт: 2 жыл ішінде 100-150 миллион теңге инвестиция салу, қызметтік бағытын 5 жыл сақтау керек.  Және алдағы 5 жылда сатуға кепілдікке қоюға тыйым салынған. Яғни, жекеге өткен мекемелердің жұмысын  одан әрі жандандырып алып кету керек. Ал, «Жәрдем шаруа» серіктестігі болса, 5 рет сатылымға қойылса да,  ешбір азамат қызығушылық танытпаған.

Биыл сатылған мекемелердің басында «ЛТД Тұрмыс» мекемесі тұр. Қала тазалығымен айналысатын мекеменің 51 пайыз акциясы 379 миллион теңгеге бағаланыпты. Мұнан соң Түркістан қаласындағы муниципалдық базар серіктестігі 64 миллион теңгеге сатылыпты.Дәл бүгін көгалдандыру тазалық шараларымен айналысатын «Мақтарал жасыл желек» және «Өркен» коммуналдық мекемелері иесін тапты. Биылғы жылдың ең негізгі жекешелендіру процесі  «Ордабасы» футбол командасы төңірегінде болмақ.

Келер жылы «Қыран» командасы «Түркістан» қонақ үйі, Сайрамдағы «Болашақ», «Сайрам», Ордабасыда «Қараспан» сауықтыру лагерлері, Бәйдібекте «Болашақ» балабақшасы, рухани астанада  «Түркістан»  қонақ үйі, Шымкент қаласының спорт сарайы мен «Шымкент - жасыл қала» Төлеби, Түркістан, Отырар ауданы әкімдігінің коммуналдық шаруашылық мекемелері сатылымға қойылмақ.

Барлық сауда-саттық жұмыстары туралы мәліметтер  www.gosreestr.kz  сайтында жарияланып, электрондық түрде өткізіледі. Бұл – сауда-саттықтың ашық­тығын және бизнестің «бір терезе» қағидасы  бойынша ақпаратқа қолжетімділігін қам­та­масыз ететін болады.

Дерек көзі: shymkenttv.kz