02.10.2015 в 13:03

«АЛТЫН БЕЛГІ» ИЕГЕРЛЕРІНІҢ АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗДАРЫНА АСТАНАҒА ДЕМАЛУҒА ЖОЛДАМА БЕРІЛДІ

Қызылордада мұғалімдердің төл мерекесіне арналған «Ұстаз - ұлы есім» атты мерекелік шара өтті. Ұстаздар қауымын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кәсіби мерекелерімен құттықтап, биылғы жылы өз білімдерін дәлелдеген 139 «Алтын белгі» иегерлерінің алғашқы ұстаздарына Елордамыз «Астана» қаласына туристік жолдамалар табыстады.

- Берекелі қазанның алғашқы аптасында аталып өтетін ұстаздар мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Ел үшін осындай қиын сәтте Елбасы ең әуелі мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуды ескеріп, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұстаздар қауымының жалақысын көтеру туралы тапсырма берді. Білім саласының дамуы, ұстаздарды қолдау, оқушылар мен түлектерге барынша жағдай жасау - біз үшін қашанда ең басты міндеттердің қатарында болып қала береді.  Қызылорда облысы республика бойынша әлеуметтік салаға көп қаржы бөлетін аймақтардың көшін бастап келеді.Биылғы жылы облыс бюджетінің үштен бір бөлігі, яғни 66 млрд теңгеден аса қаржы білім беру саласына бөлінді. Соңғы үш жылдың ішінде облыста білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі 24 млрд теңгеге артты,  – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ салтанатты жиында Сыр өңірінің тумалары академик Асқар Жұмаділдаев пен ауыр атлетикадан екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильин, сондай-ақ, Москва мен Санкт-Петербург қалаларында   білім алып жүрген студенттер экран арқылы ұстаздар қауымын мерекелерімен құттықтап, жылы лебіздерін арнады.

Биылғы оқу жылында ҰБТ қорытындысы бойынша Сыр өңірі 13-орыннан алдыңғы бестікке көтерілді.  Сондай-ақ, Ресей Федерациясы Үкіметі гранты есебінен Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларының  маңдайалды жоғары оқу орындарында 325 қызылордалық түлек білім алуда, ал Серпін бағдарламасы бойынша 2,5 мың бала оқуға түсті.

Айта кету керек, Қызылорда облысында үш ауысыммен оқитын мектептер мәселесі толығымен шешілді. Ал апаттық мектептер саны  2013 жылы 25 болса, оның 14-і қайта салынып, қалған 11 білім ошағын келесі жылдың соңында бітіру жоспарлануда. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуда да оң өзгерістер бар. Қызылордада «Балапан» бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Қазір облыс көлемінде 355 балабақша жұмыс жасап тұр. Бұл нысандар мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында салынған. Жыл соңына дейін тағы 61 жеке меншік балабақша пайдалануға беріледі деп күтілуде.