Өңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында 2600 гектар алма баудан өнімдер жиналуда деп хабарлады облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі.
Оның ішінде Түркия мен Польша елінен әкеліп отырғызылған алмалар алғашқы өнімдерін беріп үлгерді. Мәселен Шақпақ баба ауылындағы «Кен-тау» шаруашылығы 100 гектар жерге 2860 түп алма егіп, алғашқы жылдары егілген алманың әр түбінен 5 кг алма жинаған.
Жалпы биылғы бұл шаруашылық елу тоннаға жуық алманы жинаған. Келер жылы отырғызылған барлық алмалар өнім береді деп отыр. Сонымен қатар, 2004 жылдан бері алма баумен айналысып келе жатқан «Көктал» шаруашылығында 230 гектар жерде алма бауы бар.
Аталған шаруашылық бүгінгі күнге дейін жерге түсірмей 700 тоннаға жуық алма жинаған. Сонымен қатар аудандағы 20-ға жуық шаруашылық алма бауларын жинауда. Түлкібастық шаруалар күздік алма өнімін он мың тонна жинауды жоспарлап отыр.
Өңірдің бау-бақша егуге қолайлы болуына орай бағбандық шаруашылықты қолға алған түлкібастық шаруалар болашақта баудың көлемін ұлғайтып, тәтті алма түрін көбейтпек. Алдағы жылдары түлкібастықтар алма бағының көлемін ұлғайтып, Түлкібас алмасын қайтадан еліміз бен алыс-жақын шетелдерге танымал брендке айналдыруды көздеп отыр.