Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов «ҚазАтомӨнеркәсіп" ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиевті қабылдады. Кездесу барысында «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес компанияларының барлық кеңселері осы жылдың соңына дейін Шымкентке көшірілетіні туралы айтылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазатомөнеркәсіптің» өндіруші кәсіпорындары кеңселерінің көшуі Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде іске асырылуда. Кеңселердің қоныс аударуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді және кәсіпорындардың жұмыс тиімділігін арттырады деп күтілуде. Нәтижесінде, жыл сайын облыс бюджеті 35 миллард теңгемен толығатын болады. Бүгінге дейін кәсіпорынның «Орталық» ӨК», «Инкай» БК» еншілес компанияларының орталық аппараттары Оңтүстік Қазақстан облысына көшіп үлгерген. Ал «Әппақ», «Қаратау», «Ақбастау» БК» және «Заречное» БК» АҚ-ның бас кеңселері қазіргі таңда өңірге көшу үстінде. Осылайша, жыл соңына дейін Шымкентке атом компаниясының 8 еншілес кәсіпорны келіп, нәтижесінде 500 отбасы қоныс аударатын болады.
Жиында Б.Атамқұлов Елбасының «ҚазАтомӨнеркәсіптің» кеңселерін көшіру тапсырмасын қолдайтынын айтса, басқарма төрағасы А.Жұмағалиев осы көш барысында кәсіпорындарға көрсетіп отырған көмегі үшін облыс әкіміне алғысын білдірді. Сондай-ақ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсене қатысатынын атап көрсетті. Сонымен қатар, бұған дейін кәсіпорын иелігінде болған 12 әлеуметтік нысан ОҚО әкімдігінің балансына өтіп, оларды ұстап тұруға ұлттық компаниядан биыл 88 миллион теңге бөлу көзделіп отыр.
Сондай-ақ, «Қазатомөнеркәсіп» жаңа әлеуметтік нысандар құрылысы үшін облыс бюджетіне 800 миллион теңге бөледі. Компания мұнымен шектелмей, уран өндіруші өңірге қолдау көрсетуді жалғастыра бермек. Атап айтқанда, осы қазан айында «Қазатомөнеркәсіптің» еншілес кәсіпорны қаржысына салынып жатқан Созақ ауданының Тасты аулындағы 50 орындық балабақша құрылысы аяқталады.
Сонымен қатар, жиында ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы отандық өнімді сатып алу мәселесінде жоспардың 128 пайызға орындалғанын хабарлады. Жыл басынан бері «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы жергілікті кәсіпкерлер мен тауар өндірушілерден 5,9 млрд теңгеге өнім сатып алған.