12.10.2015 в 16:57

Шымкентте өткен қалалық сенбілікке облыс әкімі қатысты

Қала күні қарсаңында Шымкентте 10 қазан жаңару мен тазалық күні ретінде жарияланды. Осыған орай қалада жалпы қалалық сенбілік өткізілді. Тазалық акциясына облыс əкімі Бейбіт Атамқүлов пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, халық қалаулылары, ардагерлер жəне жастармен бірге Бекет батыр көшесінде елу түп сәндік ағаш көшетін отырғызды, деп хабарлайды otyrar.kz.

Жалпы қалалық сенбілікте қала әкімдігінің он төрт құрылымдық бөлімі мен жоғары оқу орындарының студенттері және де 46 облыстық басқарма мен аумақтық мекеме қызметкерлері де белсенділік танытты. Қатысушылар арасынан қол қусырып қарап қалмаған қала тұрғындарының  ат салысып жатқанын кездестіресіз.

Тазалық жұмыстары елу тоғыз көше мен алты саябақ, гүлзар және Қошқар ата өзенінің бұлақ көздерінен бастап Ордабасы алаңына дейінгі қорғалу аймағында, сондай-ақ Дендросаябақ аумағында да жүргізілді.

Сенбіліктің өткізілу кезінде ұйымдастыру жұмыстарына Шымкент қаласының ТҮКШ бөлімі және жергілікті аудан әкімдері аппараттарының мамандары да бекітілген екен. Бұл жұмыстар кезінде қосымша жиырма алты дана арнайы техника пайдалануға беріліпті, олар жиналған қоқыстарды тиісті қоқыс орындарына тасымалдып, жеткізіп тұру үшін қолданылды.

Дерек көзі:inform.kz