12.10.2015 в 17:33

"Қазақ елі" атты мультфильм - Тәуелсіздік күніне арналған сый-тарту

Шымкент қаласының Тәуелсіздік күніне арнаған тартуы "Қазақ елі" атты мультфильм болмақ. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсіріліп жатқан бұл туындының толық нұсқасы желтоқсан айында жарық көреді деп хабарлайды Оңтүстік Рабат. Толықметражды туындыда елдің тарихы, Керей мен Жәнібек хандардың балалық шағы, ондағы билік құру дәуірі  толық көрсетілген.

Барақ ханның бейнесін, оның ханға тән қырағылығы мен тұлғасын, елі үшін еткен еңбегін аниматор Жанәділ Байдарбеков суреттеп жатыр. Маманның сөзіне сенсек, алып кейіпкердің әрбір секундық қимылын жасау үшін кемінде 25 сурет салынады.

«Ханның әрбір қимылын қағазға, компьютерде салмас бұрын оның  образына енеміз, соның қылықтарын жасап көреміз. Рөлді өзіміз ойнап шығамыз. Актер болып, соны жасай отырып, кейіпкерге жан бітіреміз», - дейді аниматор Жанәділ Байдарбеков.

Туындының режиссері Батырхан Дәуренбековтің айтуынша, оқиғалар көпшілікке жаңа жүйе бойынша ұсынылады.

«Мультфильмде біз табиғаттың көрінісін 3D форматы арқылы көрсетіп, қолмен салынған суретпен қосып, қолданып жатырмыз. Мұндай жаңалық Қазақстанда әлі күнге болмаған. Ресейде де қолданылмаған. Бірақ біз қазір осыны қолдан келгенше кәсіби түрде жасап жатырмыз», -  дейді режиссер.

«Қазақ елі» толықметражды мультихикаясының дайындалуы осыдан 9 ай бұрын басталған. Ол үшін бүгінде 50-ден астам маман күндіз-түні ауысыммен «Сақ» киностудиясында қызмет етуде.

Айта өтейік, 1 сағаттық мультхикикая жасау жұмыстары желтоқсан айында аяқталып, тәуелсіздік күнінде тұсауы кесіледі деп күтілуде. Одан соң «Қазақ елі» толықметражды туындысы халықаралық байқауға ұсынылады.