Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығына арналған іс-шарада Қызылорда облысында соңғы үш жылдың көлемінде 19 ауылдық клуб пен 2 музей пайдалануға берілді. Сондай жаңа клубтың бірі Арал ауданы, Сексеуіл кентінде ашылды. Салтанатты шараға аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.
Жалпы, бұл ауылда өнерлі өрендер көп. Мәселен, Нұрболат Сейітқалиұлы жақында Түркияда өткен халықаралық «Грация Турции» байқауында І-орынды иеленді. Енді жаңа клубта тәлім алатын жергілікті өнерпаздар бұданда жоғары белестерді бағындыратыны сөзсіз.
Айта кетейік, осы жылдың маусым айында Қамыстыбас елді мекенінде 150 орындық жаңа мәдениет үйі ел игілігіне берілсе, өткен жылы ауданның мәдениет мекемелері облыс бюджетінен бөлінген 94 млн. теңгеге заманауи үлгідегі сандық жүйедегі лед-экран, музыкалық аспаптар, сахналық киімдер, дыбыс және жарық қондырғыларымен қамтамасыз етілді. Жыл аяғына дейін облыста тағы 3 ауылдық клубтың құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр.