29.10.2015 в 10:01

Арал ауданында жаңа емхана ашылды

Бүгін Арал ауданы, Сексеуіл кентінің тұрғындары үшін өте қуанышты күн. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығына арналған іс-шара жалғасып Қызылорда облысында ауысымына 150 келушіге лайықталған жаңа емхана пайдалануға берілді. Шараға аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қатысты.

Сексеуіл кенті тоғыз жолдың торабындағы елді мекен. Облыстағы тіректі елді мекеннің бірі ретінде өткен жылы 405 млн. теңге қаржы бөлініп, 2 мектеп, 1 балабақша жөндеуден өтті, ұзындығы 8 шақырым болатын 7 көше асфальттанды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен елімізде жалпы ұзындығы 988 шақырымды құрайтын ғасыр жобасы «Бейнеу-Жезқазған» теміржолының құрылысы басталып, былтырғы жылы пайдалануға берілді.

Сексеуіл кенті арқылы өтетін Жезқазған-Бейнеу жол бойында 5 бекет, 1 станса және 2 пәтерлік 38 тұрғын үй құрылыстары жүргізілуде. Осы жоба аясында Сексеуіл кентінің 200 жуық тұрғыны жұмыспен қамтылды.

10 мыңнан астам халқы бар кент тұрғындарына арналған жаңа емхана заманауи талапқа сай. Ауысымына 100 келушіге арналған емхананың құрылысына 248 млн. теңге қаржы жұмсалған.

- Халқымыз қашаннан «Бірінші байлық - денсаулық» деп  денсаулықты дүниедегі байлық атаулының барлығынан жоғары қойғаны белгілі. Дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруді мақсат еткен Мәңгілік елімізді дамытуға  қабілетті бола алады. Қуаныштарыңыз құтты болсы, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облысымызда денсаулық сақтау саласы жылдан-жылға жақсара түсті. Арнайы «Жол картасы» қабылданып, материалдық-техникалық база нығайтылып, облыс тұрғындарының денсаулық көрсеткіштері едәуір жақсарды. Соңғы 2 жылда облыста 35 медициналық нысандар пайдалануға берілсе, оның ішінде көптен құрылысы бітпей келе жатқан жалпы құны 4,8 млрд.теңгені құрайтын 200 төсектік «Ана мен бала» перинаталды орталығы іске қосылды. Қызылорда қаласынан 200 төсектік көпсалалы балалар ауруханасының құрылысы жүргізілуде. 2013-2014 жылдары Шиелі, Қармақшы, Сырдария аудандарында жалпы құны 4,4 млрд.теңгені құрайтын ауысымына 250 келушілерге арналған емханалар салынды. Ал, Арал ауданының Аралқұм, Қарақұм, Қамыстыбас елді мекендерінде жаңа дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді.  Биыл тағы 3 жаңа денсаулық ғимараты халық игілігіне берілгелі отыр.

Осындай жоспарлы түрде жасалған жұмыстардың нәтижесінде, облыста халықтың өмір сүру ұзақтығы соңғы үш жылмен салыстырғанда 69,5-тен 71,6 жасқа өсті.