Қазақстан велоқауымдастығы ОҚО филиалы мен Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Rixos Khadisha Shymkent – 2015» қайырымдылық велошеруі өтті. Спорттық шерудің өзіндік ерекшелігі сол, шараға әлемдік аренада есімі белгілі болған Александр Винокуров, Серік Сәпиев және Зүлфия Забирова сынды спортшылар арнайы келіп қатысты. Сонымен қатар, спортшылар Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовпен, сондай-ақ, қалалық №2 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің шәкірттерімен де кездесті.
Спортсүйер қауым мен Олимпиада чемпионы болуды армандап, ел Туын әлемдік ареналарда желбіреткен спортшыларға еліктейтін жастар демалыс күндері Шымкентте өткен іс-шараның куәгері болды. Жас спортшылар даңқты ағаларымен жақынырақ танысып, әңгімелесуге мүмкіндік алды. Екі дүркін әлем чемпионы, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев пен Лондондағы XXX жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы, Сидней Олимпиадасының вице чемпионы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері, «Вуэльта» көпкүндігінің жеңімпазы Александр Винокуров, халықаралық жарыстарда алдына жан салмаған велошабандоз Зүлфия Забирова қайырымдылық велошеруге қатысып, жас спортшылармен кездесу өткізді.
Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымовпен бірге қаладағы №2 жеңіл атлетика және велоспорт мектебінде жас спортшылармен кездескен А.Винокуров мектеп ұжымына «Vino» кәсіби спорттық велосипедін сыйға тартты. Жастарға еліміздің байрағын әлемдік жарыстарда жоғары көтеруге тілектестігін білдірді. Өз кезегінде қала әкімі мұндай кездесулер жас спортшыларға қанат бітіретінін, жеңіске талпынысын еселейтінін айта келе, даңқты спортшыларға алғысын жеткізді.
Дерек көзі: shymkala.kz