13.11.2015 в 17:11

ОҚО-да «Шымкент – ақылды қала» жобасының таныстырылымы өтті

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде Шымкент қаласында жүзеге асырылуы тиіс «Smart City» жобасының таныстырылымы болып өтті. Жобаны «Астана INNovations» компаниясы әзірлеген болатын. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.

Денсаулық сақтау саласының қызметтерінен бастап, көлік тұрағын реттеу жайы сынды қала халқының барлық мәселелеріне дейін қамтитын «Ақылды қала»технологиясына бүгінде ел ордасы – Астана қаласы өтуде. Айта өткен жөн, аталған жоба негізінде әлемнің көптеген ірі қалалары жұмыс істейді.

ОҚО әкіміне таныстырылған бұл жобада тоғыз бағыт қамтылған. Олар - денсаулық сақтау мен білім, көлік – көлік тұрағы және қоғамдық көлік, тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы – көшені жарықтандыру, бірыңғай төлем құжатын ендіру және аталған салада дұрыс шешім қабылдауды үйрену, қауіпсіздік – қала бойынша бейнебақылау орнату, Шымкент қалалық әкімдігінің қызмет көрсету сапасын арттыратын зияткерлік байланыс орталығы сияқты бағдарлар.

Жобаны әзірлеушілердің айтуына қарағанда, Шымкент қаласында «SMART-технологияны» ендірудің артықшылығы сол, ол кезде шаһар жұртшылығының өмір сүру сапасы арта түседі. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттік шығындар азайып, сәйкесінше, кіріс көлемі ұлғаятын болады.