16.11.2015 в 12:52

Қызылордада Мың бала» байқауына іріктеу кезеңі өтті

Қызылорда қаласындағы дарынды балаларға арналған № 10 қазақ-түрік лицейінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығына орай «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту байқауының облыстық іріктеу кезеңі өтті.

Өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтіп, салт - дәстүр, әдет ғұрыпты насихаттай отырып, ұлттық өнерді өрістету мақсатындағы «Мың бала» байқауы елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Бұған дейін мектепішілік, аймақтық сындардан сүрінбей өткен өрендер міне, облыстық кезеңде «Тіл мектебі», «Кемеңгер» шығармашылық академиясы, «Ынтымағы жарасқан туған өлкем», «Жас шешен» мектебі, «Ұлттық ойын» номинациялары бойынша сынға түсті.

Жүзі басқа болса да жүрегі Отан деп соғатын ұл қыздар бірінші кезеңде ұлттық салт - дәстүрден көрініс қойды. Бұл турда сырдариялық оқушылар құрт пен майын, қант пен шайын, бауырсағын дастарқанға қойып, бастаңғы жасады.

Ал, Қармақшы ауданынан келген  түрік қызы  Альбина Дямуршаева  қазақ тілінде еркін сөйледі. Қасиетті қара домбыраны жанына серік еткен жеткіншек  ұлттық өнердің өрістеуіне өзіндік үлесін қосып жүр.

Байқаудың «Ынтымағы жарасқан туған өлкем»  бөлімінде талапкерлер  достық, бірлік тақырыбында эссе, өлең жазса, үшінші турда Ассамблея жылы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты   шығармашылық жобаларын ұсынды.

Байқау қорытындысында үздік деп танылғандар облыстық білім басқармасының алғыс хатымен марапатталып, республикалық кезеңге жолдама алды. Айта кетейік, жеңімпаздардың шығармашылық жұмыстары «Қазақстан-менің елім!» атты жинаққа енгізіледі.

Дерек көзі: Қазақстан-Қызылорда телеарнасы