06.06.2014 в 17:27

ТҮРКІЛЕРДІҢ ТУРИЗМ ИНТЕГРАЦИЯСЫ

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (Түркі Кеңесі) құрылған 2009 жылдан бері қатысушы мемлекеттерінің интеграциясы жанданды. Әр салада соны институттар құрылып, терең ынтымақтыстықтың тамырына қан жүгіре бастады. Түркі әлемінің бірлігін утопия деп санайтындарға түбі берілмей қоймайтын жақсы бір жауаптың негізі мықтап қаланып келеді. Түркі мемлекеттерін ортақ арнаға тоғыстыратын тетіктер дүниеге келіп, жүзеге аса бастады. БиылТүркі Кеңесінің  IV саммиті 4-5 сәуір күндері Түркияның ең әсем жерлерінің бірі Бодрум қаласында өтті. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені, биыл талқыланған негізгі тақырып – туризм болды. Бұның алдындағы саммиттерде экономикалық әріптестік, энергетика, тасымалдау тақырыптары талқыланған еді. Жиын соңында бір атаның балалары Түркі Кеңесі ұсынған «Түркі Кеңесі — заманауи Жібек жолы» жобаға баталарын берді.

Алғашқы күні Түркі Кеңесі Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Оған, Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан мен Қырғыз Республикасының сыртқы ведомства басшылары мен Түркі Кеңесі, Түркі Академиясы, ТҮРКСОЙ, ТүркПА сынды ұйым жетекшілері қатысты. Түркияның Сыртқы істер министрі Ахмет Дауытоғлы жиынды «екінші Отандарыңыз — Түркияға қош келдіңіздер!», — деп жылы шыраймен ашты. Ол туризмінің тек экономикалық тұрғыдан ғана пайдалы емес, түбі бір халықтарды бір-бірімен жақындатудың жаңаша жолы екеніне тоқталды. Жиын барысында Түркия ЮНЕСКО-ның мәдени мұра комитетіне мүше болып тағайындалғаны туралы жақсы хабарын бауырлас ел өкілдеріне қуана жеткізді. «Бұл аталған халықаралық беделді ұйымға осында отырған бүкіл ел мүше болды деген сөз. Ол жерде ортақ тарихы мақтаныштарымызды бірге сақтап, көрсете аламыз»,-деді. Түркі мемлекеттері бірлігінің ешбір мемлекетке, ешбір блокка қарсы емес екенін айрықша тап өткен Түркия Сыртқы істер министрі Түркі әлемнің ақсақалы - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ерекше рақмет айтты. Ахмет Дауытоғлы биыл Ауғанстаннан НАТО әскерінің шығарылатынына қатысты жайт пен Украина оқиғаларын айналып өтпеді. Түркияның да туысы көп шоғырланған Евразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін мүдделі екенін білдірді.

Екінші күні мемлекет басшыларының жиыны болды. Түркі Кеңесіне Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан мен Қырғыз республикасы мүше. Саммитке аталған төрт елдің басшылары: Нұрсұлтан Назарбаев, Ильхам Әлиев, Алмазбек Атамбаев және Абдуллаһ Гүл

мен Сыртқы істер министрлері өзге де құрылым жетекшілері қатысты. Ал Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов мәртебелі мейман ретінде келді.

Саммитте Түркі Кеңесі әзірлеп ұсынған «Түркі Кеңесі — заманауи Жібек жолы»жобасы пысықталып, «Жібек жолын» қайта жаңғырту жайы талқыға түсті.

Жиында Түркия Президенті Абдуллаһ Гүл: «Аса құрметті бауырларымызбен жүздесу біз үшін ерекше мәртебе. Ортақ тіл, мәдениет, наным, тарих және басқа да құндылықтар біріктіретін Түркі елдерімен байланысты күшейтуге ерекше көңіл бөлемін. Сол себепті де, әрқайсыңызды өзім Мемлекет басшысы ретінде, жеке-жеке ресми түрде қабылдадым. Сіздердің елдеріңізге де бірнеше мәрте барған сапарым мен үшін үлкен бақыт болды»,-деді. Түркі Кеңесі «Бірліктен Күш туады» деген ұран негізінде құрылғанын жеткізген Түркия басшысы аталған ұйымға мүше елдердің ынтымақтастығын арттыратын бірқатар тетіктердің бір ізге түскенін де атап өтті. «Мысалы, Астанада Түркі Академиясы құрылды. Түркі Мәдениеті және Мұрасы Қоры Бакуде өз жұмысын бастайды. Бұл екі құрылымның маңызы ерекше. Шын мәнінде олар, жарқын келешегіміз – жастарымызға өткеніміз және ортақ құндылықтарымызды таныту арқылы біздің бауырластығымызды тіптен күшейте түседі. Ұлттық болмысымызды бүтіндеудің негізі болады», — деді.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесі халықаралық ұйым ретінде нақты нәтижелерге қол жеткізгенін және оның жұмысын одан әрі күшейту қажеттігіне тоқталды. Түркітілдес елдердің экономикалық әлеуетін арттыру мәселесін айрықша атады. «Тәуелсіз алты мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің жиынтық көлемі 1 триллион 200 миллиард доллардан асады. Сөйте тұра Қазақстанның сыртқы сауда айналымында 5 елдің үлесі небәрі 6% ғана. Сондықтан бізге ортақ экономикалық әлеуетімізді барынша нығайтқан жөн», – деді. Елбасы туризм мәселесінде: «Түркі дүниесінде әлемдік қоғамдастықтың зор қызығушылығын тудыратын табиғи нысандар мен тарихи орындар жеткілікті. Бізге осы салада бірлесіп туризм инфрақұрылымын  жаңғырту қажет», – деді. Түркі әлемінде туризмді дамыту үшін бірлесе отырып туристік өнім әзірлеп, Ұлы Жібек жолы брендін пайдалануға кеңес берді.

ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры тәрізді құрылымдардың маңыздылығын атап көрсеткен Нұрсұлтан Назарбаев дәстүрлі мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту қажеттігін жеткізді. «Түркі академиясы ортақ құндылықтарымыз бен мұраларымызды зерделеу ісінде көп нәрсе жасай алады»,- деген Елбасы Түркі академиясына түркі әлемі елдерінің интеграциялану жолдарын айқындау үшін бағдарлама әзірлеуге тапсырма берді.

Түркі кеңесіне мүше-мемлекеттерде ақпараттық кеңістікті және бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдарын дамытудың маңыздылығына тоқталған Қазақ Президенті халықаралық қоғамдастыққа түркі әлемін танытатын телеарна ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.Телеарна түрік, ағылшын және орыс тілдерінде хабар тарататын болуы керек. «Әл-Жазира, ВВС сияқты телевизиялық арна ашсақ, түркі дүниесін әлемге паш етіп, пайдасы зор болады еді», —деді.

Қазақ Президенті сонымен қатар, «Мен, біздерге түркітілдес мемлекеттердің интеграциялық үдерістерін дамыту қажет деп санаймын. Бұл қалай болғанда да Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одақ мүддесіне еш қайшы келмейді. Өйткені, бұл да ешқандай саяси реңкі жоқ экономикалық өзара байланыс», - деді.

Бұл жолғы жиынға да Өзбекстан қатыспады не өкілін де жібермеді. Өзбестанның тарихи-мәдени тұрғыдан түркі әлемі үшін орыны ерекше. Ал бейтараптық саясатқа арқа сүйген Түркіменстан басшысының саммитке өзі келіп қатысуы болашақта ол елдің Түркі Кеңесіне мүше болу мүмкіндігі көптігін айқындайды. Түптің-түбінде түрікмендер де қатарға қосылады деуге негіз болады. Түркіменстан мәдени интеграциядан тыс қалған емес. ТҮРІКСОЙ халықаралық Түрік мәдениеті ұйымы биыл Түрікмен халқының алып ақыны Мақтымқұлы Пырағының туғанына 290 жыл толуына орай «Мақтұмқұлы жылы» деп жариялады. ТҮРІКСОЙ жыл басында Мақтымқұлы мерейтойын Анкарада ресми түрде бастады. Жуырда Түркі Академиясының ұйымдастыруымен халықаралық конференция өтпек.

Саммит барысында түркі мемлекеттері басшыларының екіжақты кездесулері де болды. Өткенде Еуразиялық Одақ құру кезінде Арменияның БҰҰ талаптарына қайшы келетін Таулы Қарабах аумағымен Одаққа мүше болуы неғайбыл екенін Елбасы айтқан болатын. Қазақстан мен Әзірбайжан Президенттерінің Бодрумда кездесуінде Ильхам Әлиев Елбасына зор алғысын жеткізді. Әзірбайжан халқы қазірдің өзінде Қазақ Президентінің сөзін ерлікке балап, үлкен рухани қолдау ретінде көріп отыр.

Жалпы, Түркі елдері арасында мәдени итеграция, тарихы байланыс нығайып, сауда мен туризм артуда. Бұған дейін көбіне екіжақты байланыс шеңберіндегі әріптестік енді кеңейіп Түркі Кеңесі шеңберінде жолға түсе бастады. Бұның сыртында түркі елдірінің Шаңхай Ынтымақтастық ұйымы, ЕҚЫҰ сынды т.б беделді ұйымдар шеңберінде байланысы бар.

Түркі кеңесі - төрт елдің бір жеңнен қол шығара бастағанына дәлел. Алдағы уақытта қарт Каспийдің шикізатын Түркия арқылы Еуропаға тасымалдау мәселесі реттелсе түркі елдерінің бәріне үлкен олжа болмақ. Бұл жерде баса айтатын тағы бір жайт, Түркі әлемі жаңа интеграциялық жобаларының көбінің авторы Нұрсұлтан Назарбаев екені. Келер жылы саммит Астанада өтеді. Халықаралық ұйымның жұмысын жетілдіру жалғасын табады. Сонымен қатар, саммитте елбасылары Түркі кеңесінің Бас хатшысы етіп әзірбайжандық Рамил Хасановты тағайындады. Төрт жыл бойы бұл қызметті белгілі саясаткер Халил Ақынжы табысты атқарып келген болатын. Бұның сыртында Түркі Академиясының бірқатар құжаттары мақұлданып, академия президенті болып Дархан Қыдырәлі бекітілді. Түркі халықтарының тарихын қайта жазып, түркі әлемі интеграциясына жол көрсететін бұл ұйымға төрт елдің басшысы тікелей зор сенім артып отыр. Оны жоғарыда жаздық. Осылайша Түркі Кеңесінің  IV саммиті өзіндік ерекшелігімен тарих бетіне көшті.

Ер Едіге

Суреттер Түркия Президенті сайтынан алынды.