17.11.2015 в 12:45

Ішкі істер департаментінің зейнеткері Омбы қаласынан жүлделі оралды

 Омбы қаласында өткен ХХVІ Халықаралық Сібір марафонынан Қызылорда облысындағы ішкі істер саласының зейнеткері олжалы оралды. Бұл туралы Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі хабаралады.

Сайысқа 21 мемлекеттен және Ресейдің 32 өңірінен 7 мыңнан астам марафоншы  қатысып, 5, 10 және 42 км, 195 м қашықтықта жүгіруден бақтарын сынады. Қазақстаннан барлығы 79, оның ішінде Қызылорда облысынан 2 адам қатысты.

ІІМ-нің зейнеткері, отставкадағы полиция майоры Абдуали Убайдулдаев 10 км қашықтыққа жүгіруден  өз жас шамасында (40-44 жас аралығында) қатысып, 50 минут 55 секундта мәре сызығын кесіп өтті. Үздік нәтиже көрсетіп, алғашқы ондыққа ілінген жерлесіміз 2016 жылдың сәуір айында Алматы қаласында  өтетін V Алматы Халықаралық қайырымдылық марафонына және мамыр айында Омбы қаласында болатын  «Гандикап» марафонына қатысуға жолдама алды. 

Сонымен қатар, аталмыш сайысқа 42 км, 195 м қашықтыққа жүгіруге  Сыр өңірінен 52 жастағы Алмас Сағынбаев та қатысып, мәре сызығын 3 сағат 27 минут 32 секундта кесіп, жақсы көрсеткішті бағындыра білді.