24.11.2015 в 17:03

ОҚО-да жылыжайдың барлық құрылғылары шығарылады

Облыста жылыжай шаруашылығымен 8825 агроқұрылым айналысады. Осы жылы өңірдегі жылыжайлар көлемі 110 гектарға артып, 1020 гектарға жетті. Республикадағы жылыжайлар көлемінің сексен жеті пайызын алатын ОҚО- да осы жылы 150 мың тоннаның көкөніс өнімі өндірілді. Мұндай шаруашылықтар өңірдегі Сарыағаш, Сайрам, Ордабасы, Қазығұрт аудандары мен Түркістан, Шымкент қалаларында көптеп салынуда. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.

Өңірдегі тоғыз мыңға жуық жылыжай шаруашылығына қажетті құрылғыларды Шымкенттегі Zero Max Kz зауыты қамтамасыз етуде. 4 жылдан бері жылыжайдың сыртқы қаңқасымен бірге 50 -ге жуық қосалқы бөлшектерін өндіретін кәсіпорын оны құрастырып, іске қосумен айналысады. Шығарылатын әрбір тауарға кепілдік беретін зауыт басшылығы бұзылған құрылғыларды жөндеуге де мүмкіндігі бар.

Индустрияландыру картасы шеңберінде ашылған кәсіпорын жылына үш жүз жетпіс алты гектар жерге жететін жылыжай құрылымдарын шығаруға қауқарлы. Бүгінгі күнге дейін жүз елу гектар жердің жылыжай құрылғыларын өндірген зауытта болашақта пленка мен тамшылатып суаруға мүмкіндік беретін қондырғылар да өндірілмек. Жыл соңына дейін жаңа зауыттың құрылыс жұмыстары басталса, жылыжайға қажет керек- жарақтың барлығы Оңтүстік өңірінен шығатын болады.