Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы ЮНЕСКО аумағында тойланады деген хабарды қоғам жылы қабылдағаны белгілі. Елдегі экономикалық жағдайға қарамастан ұлттық сананың жаңғыруы мәселесі алдыңғы қатарға шығарылатыны осыдан-ақ аңғарылса керек. Осы ретте алғашқы жиын ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг болды. Оған Аталған жиынға ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бiрiншi орынбасарының кеңесшiсi Берік Уәли, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, аталған университет жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институттың директоры Сұлтанхан Аққұлұлы қатысқан болатын. Біз осы ретте Алаш аманатына адалдық танытып жүрген жас азаматтардың бірі Берік Уәлиді әңгімеге тартқан едік.
– Берік мырза, Алаш көсемі Әлиханның 150 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтетінін естігенде алғашқылардың бірі болып сүйіншілеген өзіңіз болдыңыз. Қателеспесек, көсемнің 145 жылдығы аясында да еңбектенген едіңіздер...
– Ең алдымен осы айтулы жаңалықпен барша Алаш жұртын құттықтаймын. Осы арада Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанындағы «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтанхан Аққұлына алғыс айтқым келеді. Себебі Сұлтекең Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО тізіміне енгізуге айрықша үлес қосты. «Нұр Отан» партиясы да соңғы жылдары қос мерейтойдың аталып өтілуіне айтарлықтар көңіл бөлуде. Оған 2011 жылы партияның ұйымдастыруымен Әлихан Бөкейханның 145 жылдығына арнап халықаралық конференция өткізгені сөзіме дәлел. Алаш арыстарының ұлт жолында жасаған еңбегі қашанда жастарға үлгі. Ал жастардың отаншыл болып қалыптасуы партияның басты мақсаттарының бірі болып есептеледі. Жалпы еліміздің бір топ азаматы соңғы он жыл көлемінде Алашқа қатысты іс-шараларды жүйелі түрде іске асырып келеміз. Мәселен Алашорда Үкіметінің 90 жылдығы қарсаңында «Аманат» интеллектуалдық пікірсайыс клубын құрылып, алаш тақырыбына негізгі басымдық берген болатынбыз. Нақытырақ айтсақ, белгілі алаштанушылар Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабекұлы сынды көптеген ғалымдар аталған клубта баяндама жасады.
– Сізді Алаш тақырыбына келгенде Әлихан туралы деректі фильмнің авторы деп таныстырады. Бұл да сол 145 жылдық аясында жасалған дүние болса керек?
– Дұрыс айтасыз, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мен Әлихан Бөкейханның 145 жылдығына арнап «Алаштың Әлиханы» атты деректі фильм түсіріп, көрерменнің назарына ұсындық. Аталған фильмнің кеңесшісі белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай мен қоғам және мемлекет қайраткері Ерлан Қарин болды. Алаштанушылардың айтуынша, аталған жарты сағаттық деректі фильм әзірге Әлихан Бөкейханға арналған негізгі туынды болып отыр. Республикалық телеарналардан көрсетіліп көрермендердің көңілінен шыққанын да айта кеткеніміз жөн. Өздеріңізге белгілі, 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралында Орынбор қаласында ІІ жалпы қазақ құрылтайы өтіп, Алашорда Үкіметі құрылған болатын. Біз осы айтулы датаның құрметіне алаш арыстарына арнап дәстүрлі түрде іс-шаралар ұйымдастырып жүрміз. Мәселен 2011 жылы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен желтоқсанның 5 мен 13 күні аралығында Алаш апталығын өткіздік. Яғни «Аманаттың» отырысынан басталған апталығымыз 13 желтоқсан күні алашқа арналған рухани кешпен түйінделді. Бұдан бөлек Шымкентте жүрген кезде де алашқа айрықша назар аударып, жұмыс жүргіздік. Мәселен, ОҚО әкімдігі Алашорда Үкіметінің 95 жылдығына арнап «Алаш туы астында: Алаш. Желтоқсан. Тәуелсіздік» деген тақырыпта республикалық ғылыми-танымдық конференция өткізген едік. Аталған конференцияға еліміздегі айтулы алаштанушылар мен алаш арыстарының ұрпақтары келіп қатысты. Шымкенттіктер әлі күнге дейін осы конференция туралы айтып жүр. Сондай-ақ Шымкенттен шыққан республикалық «Жебе» қоғамдық саяси газетінде алашқа қатысты дәстүрлі екі сауалнама жасалды. Нақтырақ айтсақ алаштанушылар мен зиялы қауым өкілдеріне «Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мен Алашорда Үкіметінің 100 жылдығына байланысты қандай іс-шаралар ұйымдастырылу керек?», «Сондай-ақ, өз тарапыңыздан қос мерейтойға қандай үлес қосасыз?» деген сұрақ қойылған болатын. Аталған сауалнамаға Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбай, Бейбіт Қойшыбай сынды ғалымдарынан бастап, жастарға дейін өздерінің пікірін білдірген болатын. Мәселен, Думан Рамазан атты жазушымыз «Әлихан Бөкейханға арнап драма жазу ойымда жүр» деген болатын. Егер «өз тарапыңыздан қос мерейтойға қандай үлес қосасыз?» деген сауалнамаға жауап берген 100 жуық азамат өздері айтқан жұмысты атқаратыр болса, онда Әлихан Бөкейхан мен Алашорда Үкіметінің мерейтойы жоғары деңгейде өтер еді. Ал жеке өзім азамат ретінде алаш арыстарының аталы сөздерін кітап етіп шығаруды жоспарлап отырмын. Өздеріңізге белгілі біздің көптеген азаматтар өзге жұрттың саясаткерлері мен ойшылдарының сөздерінен цитата алып сөйлегенді жақсы көреді. Алайда дәл сондай ойды кезінде алаш арыстарыда айтып өткен. Мәселен, Әлихан Бөкейханның «Ұлтына жұртына қызмет ету білімнен емес мінезден», Міржақып Дулатұлының «Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес. Депутат болу үшін жақсы болу шарт» деген сөзі кімнен кем?
– Брифингте айтылған дүниелерден бөлек жақын уақытта қандай шараларды қолға алмақсыздар?
–Алдағы жылы Алашорда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханның 150, ал 2017 жылы Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Бұл тарихи даталар еліміз үшін айрықша оқиға. Оның үстіне өткен аптада Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетіні белгілі болды. Осы ретте 9 желтоқсан күні «Аманаттың» кезекті отырысы алаш тақырыбына арналатынын айтып өткен жөн. Клуб отырысында Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО тізіміне енгені туралы айтылады. Сондай-ақ, Алаш әскеріне қатысты тақырып көтеріледі. Бұл бағытта зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген белгілі қоғам қайраткері Берік Әбдіғали мырза баяндама жасамақ. Ол кісі Мәскеуде бұрын қолымызға түспеген Алаш әскеріне қатысты құнды деректермен бөліспек. Кейін осы тың тақырып бойынша Бекеңмен бірлесіп кітап шығару да ойымызда бар. Екіншіден, тек қана Әлихан Бөкейхан ғана емес, жалпы Алаш арыстарының қанатты сөздерін жинақталып, «Алаш айтқан асыл» сөз деген атпен құрастырылып жатқан кітаптың жұмысын күшейтеміз. Бұдан бөлек«Астанадан Ақтоғайға дейін» атты тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырылады. Экспедиция жұмысы Қарағанды қаласындағы Әлімхан Ермековтың зиратына барып Құран оқудан басталып, Ақтоғай ауданындағы Әлихан Бөкейханның ата-бабасы жерленген Талдыбейітке тәу етумен аяқталады. Тағы да тың бастамаларымыз бар. Оны уақыты келгенде айта жатармыз.
– Әңгімеңізге рахмет!