Былтырдан бері Мемлекетік қызмет жөніндегі агенттік үлкен реформа бастады. Конкурстардың талаптарын қатайтып, А және Б корпусын құру арқылы басқарушылардың сапасын көтеру- басты мақсат болды. Меритократия қағидаттарын қалыптастыру үшін жасалған осы әрекеттердің бәрі менталитетімізге сіңген ағайыншылық пен тамыр-таныстыққа тосқауыл бола ала ма? Осы уақыт аралығында тым болмаса командалық жүйені тежеп, Байменов бастамасы бюрократияға ықпал ете алды ма? Бұл сұрақты сарапшыларға қоюымыздың себебі, заң қабылданып, реформа жүргізіліп жатса да жаңа басшы ауысса жергілікті әкімішіліктегі қызметкерлер «любит, не любит» ойнап кетеді-мыс...
Айдос Сарым, саясаттанушы:
- Өкінішке қарай, тұсау болған жоқ. Бола алмайды да. Бюрократияның барлық ауруы қозып тур. Командалық көшу жалғасуда. Конкурс атаулылар жай ғана формалды дүние. Егер әкімдер біреуді тағайындағысы келсе, конкурстың есігі қашанда ашыла салатыны белгілі.
Мұхтар Сеңгірбай, саяси ғылымдар бойынша философия PhD докторы:
-
Мемлекеттік бюрократия алдымен саяси, содан кейін халыққа қызмет ету функциясын атқарады. Саяси тұрғыдан алғанда олар осы қызметке жан-тәнімен берілген, патриоттық рухы мықты азаматтар болуы керек. Ал халыққа қызмет ету тұрғысынан олар көрсетілетін қызметтің сапалы болуына барынша мүдделілік танытуы тиіс. Мемлекеттік қызметтің беделі төмендеген қазіргі жағдайда әкімшілік қызметтегілердің арасынан патриоттар аз кездеседі. Мұның себебі олар осы қызметке тамыр-таныс, пара беру арқылы келген болуы мүмкін. Сондықтан оларда уақытша, тұтынушылық көзқарас басым болады. Мұның барлығы жаңалық емес. Жалпы жүйе жемқорлыққа, тамыр-танысқа негізделіп тұрғанда жүргізіліп жатқан реформалардың жемісті болуы екіталай. Ашық, әділ жүйенің орнауы оларды "асырап отырған нанынан" айырады. Сондықтан олар осы жағдайдың сақталып қалғанын қалайды. Аймақтар әкімдерін сайлау, билікті орталықсыздандыру сияқты нақты реформаларды радикалды түрде жүргізбейінше, мемлекеттік қызметке деген халықтың сенімі артпайды. Ал жаңа әкімшілік реформа кезекті бір науқан болып қалуы мүмкін.
Нұрмұхамед Байғара, саясаттанушы, тележүргізші:
-
Жалпы мемлекеттік қызмет кейде саяси жүйенің бір бөлігі болып кетеді деп қарастырсақ, онда әр елге тән осы саланың ерекшелігі бар. Мәселен, 1950жж бері Кореяда елдің тек Батысынан шыққан азаматтар ғана саяси элитаны құрайды. Тек 2000 жылдары президент болған Ким Дэ Джун ғана шығыстан. Сол секілді Қазақстанның да өз ерекшелігі жоқ емес. Кезінде ОҚО әкімі болған ағамыз кеңес үкіметінің кезінде Қазақ ССР-нің басшылығында үш жүздің балансы сақталып отырды, бұзылмады деген ойын айтқан еді. Бұл дәстүр бүгінде өзгере қоймады. Өкінішке орай, 90жж, 2000жж ортасында ол жабайы көрініс тауып, әр әкім, министр қызмет ауыстырғанда 20-30 кісіні өзімен алып баратын дәрежеге жеткен еді. Қазір бастықпен бірге көшетін қызметкер саны қысқарды. Дегенмен, алдағы 20 жылда мемлекеттік қызмет жүйесінде клан, ру, жерлестік бойынша тағайындау жойыла қояды деп есептемеймін. Себебі.... себебі көп. Сенетін адам, өзіміздің жігіт, бір топтың өкілі деген критерийлерді қайда қоясыз? Жалпы, төрағаның тек таныс қана емес, кез-келген істі алып кететін тәжірибелі қызметкерді іздеуі де заңдылық. Президент әкімшілігі кадр, саясат тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін әр министрлік, агенттікке жауапты хатшыларды енгізді. Бірақ олардың өздері кейде 2-3 жыл отырмай ауыса берсе, бастапқы мақсат қайда кетті деген сауал қойылады? А корпусы да жаңалық болды. Бірақ жемісі әлі көрінбеді. Келешекте көрінер. Меніңше, мемлекеттік қызметттегі жоғарыда аталған олқылықты жойғымыз келсе, онда Батыстағыдай ашық жүйеге көшу қажет. Әр сайлауда жеңген партия үкіметтің құрамын жасақтайды. Министрлер ауысады, бірақ министрліктегі 90% қызметкер сол баяғы ісін жалғастыра береді. Тек партияның ұстанымына сай министрліктің жұмыс бағдарламасы өзгеруі мүмкін. Бұл талантты, адал азаматтардың меритократялық әділдікпен қызмет сатысы бойынша өсуіне ықпал етеді.
Құбаш Меңдіғалиев, ҚазҰУ-дың саяси ғылымдар PhD докторанты:
-
- Әлихан Байменов Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жетекшілік еткелі бері агентттіктің белсенділігі артып, меритократиялық қағидаттарға негізделген «А корпусы», кадрлық резерв секілді бірқатар әкімшілік реформаларды қолға алғаны рас. Командасын тайлы-таяғымен көшіріп жүретін әкім-қара, шенеуніктерге заңнамалық тұтастай болмаса да ішінара барьер қойылды. Конкурссыз тағайындау әжептәуір азайды. Сондықтан көптеген басшы шенеунік бұрынғыдай қызметке тағайындала сала қолайына жағатын кадрларды жөңкілтіп әкелмейді, 5-6 ай бойы ақырын жасақтайтын әдіске көшті. Яғни команданы көзге бадырайтпай жасақтайды. Меніңше, Байменов командалық жүйемен күрестің «жұмсақ» тәсілін таңдады және өз нәтижесін беріп жатыр. Біздегі командалық ел басқару өрмекшінің торындай үлкен жүйеге айналып кеткен. Оны жою өте қиын. Біздегі жүйе майталман кадр емес, марғау шенеунік тәрбиелеуге құрылған. Біздегі командалық жүйенің тағы бір сипаты – ықпалды ағалар мен беделді әкелердің балаларын қызметпен қамтамасыз ететін әртүрлі лауазымдар мен квазимемемлекеттік мекемелерді құру үрдіске айналған. Әйтпесе, оның мемлекет пен халыққа керегі де жоқ. Меніңше, командалық жүйемен күресте Үкімет құрамындағы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құзыреті жеткіліксіз. Меритократия принциптері іске асуы үшін агенттік елдегі өте білікті, тәжірибелі кадрлардың шоғырын әділетті түрде іріктеп, басшы шенеуніктердің ықтиярынан тыс қызметке орналасуына ықпал ете алатындай күшке ие болуы керек. Бізде әлі күнге дейін бірін-бірін қадағалап отыратын билік бөлінісінің тежемелік тепе-теңдігі қалыптасқан жоқ. Реформалар әлі де пәрменді емес. Небір мықты кадрлар лайықты қызметке орналаса алмай келеді. Оның осы бағыттағы жұмысына «төрт» деген баға қоюға болады.