28.11.2015 в 17:39

Мемлекеттік хатшы жеңіс шерулеріне қатысқан ардагерлермен кездесті

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықова Мәскеу және Пекин қалаларында өткен Жеңіс шерулеріне қатысқан соғыс ардагерлерімен кездесті. Кездесуге Ардагерлер орталық кеңесінің төрағасы О.Озғанбаев, Мәдениет және спорт вице-министрі М.Әзілханов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Аманшаев қатысты.

Биылғы жылы Мәскеу (Ресей) және Пекин (Қытай) қалаларында өткен салтанатты шерулерге республиканың түрлі өңірлерінен 13 ардагер қатысты. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған қорытынды іс-шаралардың аясында өткен Мемлекеттік хатшымен кездесуге Астана қаласының ардагерлері Ахат Бекмади, Казис Жолдыбаев және Олег Линник шақырылды.

Өзінің кіріспе сөзінде Г.Әбдіқалықова Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бүгін Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған және Шымкентте Жеңіс шерулеріне қатысқан соғыс ардагерлерін марапаттау шаралары  салтанаттары өткізіліп отырғанын атап көрсеттіі.

Мемлекеттік хатшы «Елбасы ұдайы атап көрсеткендей, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне деген қамқорлық мемлекеттің маңызды міндеті болып табылатынына» назар аударды. Мәселен, ү.ж. 1 қарашадағы жағдай бойынша тек қана біржолғы материалдық көмек көрсетуге және мерекелік іс-шараларға қатысу үшін мемлекеттік бюджеттен 7,7 млрд. теңге бөлінді.

Гүлшара Әбдіқалықова Ұлы Жеңіс үшін ардагерлерге деген  шексіз ризашылығын білдіре отырып, «сіздердің Отанымыздың тәуелсіздігі жолында жасаған өшпес ерліктеріңіз бен тылдағы қажырлы еңбектеріңізді жадымызда сақтауды, ұрпақтан ұрпаққа өсиет ретінде қалдыруды қасиетті қарызымыз санаймыз», деп атап өтті.

Кездесу барысында ардагерлер Елбасы Н.Ә.Назарбаевты ұдайы қамқорлығы мен ықыласына алғыстарын білдірді. Олар Елбасының жүргізіп отырған сарабдал әрі сындарлы саясатын қолдайтындарын танытты. Сол саясаттың арқасында елімізде бейбітшілік, бірлік  және келісім салтанат құруда.

Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Г.Н.Әбдіқалықова ардагерлерге Президент Н.Ә.Назарбаевтың ізгі тілектерін жеткізіп, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ  АҚ тарапынан бөлінген Мәскеу және Пекин қалаларында өткен шерулерге қатысушы ардагерлер үшін арнайы ақшалай сертификаттарды табыс етті.