09.12.2015 в 14:45

ОҚО-НА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН ҚХА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ КЕЛДІ

Елбасының «Қазақстан жаңа жаҺандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру және насихаттау үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңір жұртшылығымен кездесу өткізді. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалды жүргізіп отырды. Кездесу барысында Е.Л.Тоғжанов Елбасының әр Жолдауы – біздің болашағымыздың стратегиялық жоспары, өміріміздің нақты бағыты, келешегіміздің кепілі екендігін түсіндіре отырып, этномәдени бірлестіктерді, Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедраларын, қоғамдық келісім кеңестерін, барлық азаматтарды Жолдауды жүзеге асыру үшін белсене қатысуға шақыратындығын атап өтті.

Сонымен қатар, кездесу барысында облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Е.Байқонақов, облыстық славян этномәдени бірлестігінің мүшесі А.Шолгина, Сайрам ауданы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы П.Исламов сөз сөйледі. Сондай- ақ бұл кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен облыстық басқармаларының басшылары және ғылыми- сарапшылық тобы мен аналар кеңесінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қатысты.