10.12.2015 в 13:56

ОҚО ДЕПУТАТТАРЫ ОБЛЫС БЮДЖЕТІН БЕКІТТІ

Кеше, 9 желтоқсан күні Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың кезекті 44-ші сессиясы өтіп, онда облыстың бюджеті бекітілді. Облыстық мәслихаттың депутаты Нұралы Әбіш төрағалық еткен сессияда 27 мәселе қаралды. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.

Сессия жұмысына облыс әкімі Б.Атамқұлов, облыс депутаттары мен облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және қала, аудан әкімдері қатысты. Жиында депутаттар өңіріміздің алдағы 2016-2018 жылдарға арналған бюджетін бекітіп, 2016 жылға арналған жұмыс жоспарын қарап шықты.

Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр баяндама жасап, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы мен бюджеттік мекемелерді күтіп ұстауға, өтпелі нысандардың құрылысын аяқтауға, коммуналды мәселелерді шешуге және де қоғамдық тәртіпке тағы басқа мәселелерге жалпы облыстан 268,9 млрд.теңге бағытталып отырғандығын атап өтті.

Онда облыстың ішкі өзіндік кірістері он екі жарым млрд. теңге, субвенция – 255,8 млрд.теңгені құрайтындығын жеткізді. Кезекті сессияны қорытындылаған өңір басшысы бюджет қаржысының жұмсалуын бақылауға алып, мемлекет қаржысының әр тиыны халыққа жетуін қадағалау қажеттігін айтты. Жиын соңында келесі сесия отырысының төрағасы болып облыстық мәслихаттың депутаты Тұрлыбек Қилыбек сайланды.