Құрметті оңтүстікқазақстандықтар!
Бұл айтулы мереке ата-бабаларымыздың сан ғасырлар аңсаған арманының жарқын көрінісі. Бүгінгі буын қасиетті Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өсіп-өркендеген мемлекетіміздің жетістігіне әрқайсысы өзіндік үлесін қосуда. Ел халқымен бірге Оңтүстік өңірінің тұрғындары да бірлік пен татулықтың, ынтымақ пен тыныштықтың ерекше үлгісін қалыптастыруға белсене атсалысып келеді. Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз әлемдік қауымдастықта өзінің лайықты орнын алды. Ұтымды әрі тиімді жүргізілген экономикалық саясаттың нәтижесінде қазақстандықтар еңсесін тіктеп, әл-ауқатымыз жақсарды.
Бүгінде егемен елімізде ата-бабамыз талай ғасыр армандаған бірлік пен тыныштықтың ерекше үлгісі қалыптасты. Мемлекет басшысы: «Дүниеде тәуелсіз қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар», − деді. Бүгінде осы оймақтай ой − өмір шындығына айналды.
Қадірлі жерлестер!
Тәуелсіз Қазақ елі даңқының асқақтауы, халықаралық деңгейде абырой-беделінің жоғары бағалануы ең алдымен ішкi саяси тұрақтылығымыз бен қажырлы еңбегімізге, пайымды парасаттылығымызға және тындырымды тірлігімізге байланысты. Ұлысымыздың ұйытқысы саналатын қасиетті оңтүстік өңірінің тұрғындары Елбасы Жолдауын жүзеге асыру әрі «Мәңгілік Ел» мұратында талмай еңбек етері сөзсіз. Сіздерді осынау ұлық мереке –Тәуелсіздік күнімен құттықтай отырып, әр шаңыраққа құт-береке, амандық тілейміз!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болғай!