Кеше, 28 желтоқсан күні Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Атамқұловтың төрағалығымен облыстың 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының таныстырылымы болып өтті. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.
Жиында сөз алған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы А.Абдуллаев бағдарламаның алты бағыт бойынша жүзеге асатынын айтып шықты. Яғни алдағы бесжылдықта өңірдегі қала тұрғындарын жүз пайыз, ал ауылдық елді мекеннің сексен пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілетін болады.
Сонымен қатар үш ауысымды және апатты мектептерді жою, балабақшамен қамту 77,7%-дан 100% жеткізу жоспарланған болатын. Одан бөлек экономика мен әлеуметтік сала және қоғамдық қауіпсіздік пен құқық тәртібі, инфрақұрылым, экология және жер ресурстары мен мемлекеттік қызметтер сынды қамтылатын болады. Басқарма басшысы даму бағдарламасын таныстыру кезінде облыстың негізгі бағыты ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржының үлесін бес пайызға дейін көбейту туралы ұсыныс тастады.
Аталған жиынның соңында даму бағдарламасы бойынша түрлі ұсыныстар қабылданып, толықтыруларды да енгізе отырып, 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасының жобасын облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың қарауына жіберілетін болады.