31.12.2015 в 08:11

ОҚО-ДА ДІНИ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ САҚТАУ МАҚСАТЫНДА 7 МЫҢ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің теолог мамандары жыл басынан бері аудан, қалаларда діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, кереғар діни ұйымдар мен секталардың ықпалынан сақтандыру мақсатында 300 мыңға жуық адам қатысқан 7003 кездесу өткізген. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әлеуметтік бастамалар орталығының директоры Н.Тұрсынбай мәлім етті, - деп хабарлады облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігінің мешіт имамдарымен бірлесе отырып, облысымыздағы түзету мекемелерінде діни көзқарастағы сотталған азаматтармен ақпаратттық-насихаттық топ жұмыс атқарғанын айтты. Нәтижесінде, дәстүрлі дін жолына екі жүзге жуық азамат қайтарылған.

Мекеме директорының хабарлауынша, жыл басынан бері ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің дінтану сараптамасынан өткен жиырма сегіз мың дана әдістемелік-ақпараттық кітаптар мен кітапшалар, бес мың дана плакаттар, қоғамдағы әлеуметтік маңызды тақырыптарға сәйкес он бес бейнеролик, бес тақырыпта арнайы фильмдер, бір анимациялық фильм, «Кереғар ағымдардан сақтанайық» тақырыбында он мың дана бейне және аудио дискілері дайындалған.