06.01.2016 в 17:38

Шымкентте биыл 2247 пәтер кілті өз қожайындарына тапсырылады

Бұл туралы бүгін ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов хабарлады. Баспасөз жиынына сондай-ақ, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаева қатысты.

 Қала әкімі орынбасарының мәліметінше, осы жылы берілетін баспаналардың 1887-і «Қазақстан ипотекалық компаниясы» тарапынан берілсе, «Жас отбасы» бағыты («Қазақстан Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ желісі негізінде) бойынша 216 пәтер, «Жалдамалы (коммуналды) тұрғын үй» бағыты бойынша 144 пәтер кілті өз қожайындарына тапсырылмақ.

Оның ішінде , «ҚИК» АҚ тұрғын үй бағыты бойынша құрылысы былтыр біткен 492 пәтер кілті өз қожайындарына табысталмақ. Өткен жылы салынып біткен осы баспаналарды алу бойынша 2641 азамат пәтер алуға ниет білдірді. Қазіргі таңда олардың төлем қабілеттілігі ипотекалық компания арқылы тексерілуде, төлем қабілетін растаған азаматтар өз пәтерлеріне қоныстанады», - деді Б.Жанбосынов.

Еске салайық, өткен жылы «Жалдамалы (коммуналды) тұрғын үй» бағыты бойынша 2024 пәтер, «ҚИК» АҚ-ы бағыты бойынша 1080 пәтер, «Қазақстан Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ-ы желісі бойынша 180 пәтер, жалпы саны 3284 пәтер өз иелерін тапқан болатын. Бұл дегені, енді Шымкентте баспана кезегінде тұрған 20 мыңнан астам азаматтың ішінен былтыр пәтерлі болған тұрғындар және өз атында жылжымайтын мүлкі анықталған шаһарлықтар кезек тізімінен алынады деген сөз. Сонымен қатар, осы жылдың қаңтар-наурыз айларында түгендеу жұмыстары жүргізіліп, 1 сәуірден бастап қаладағы баспана кезегінде тұрған азаматтардың реттелген жаңа тізімі жасақталмақ.

Баспасөз жиынында, шаһар басшысының орынбасары пәтер беру жұмыстарының ашықтығын, пәтер кезегінің жылжу ретін БАҚ –құралдары және электронды портал (е-gov) арқылы бақылауға болатынын айтты. Сондай-ақ, Б.Жанбосынов қала тұрғындарын баспана алып беруге уәде етіп, ақша дәмететін алаяқтардан сақтануға шақырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі